Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осыған орай елімізде Отан қорғаушылар күні ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгін Қазалыда Отан қорғаушылар күніне орай әскери-патриоттық сайыс өтті. Жалаңтөс батыр атындағы стадионда ұйымдастырылған байқауға аудандағы мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке үндейтін сайыста аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков құттықтау сөз сөйлеп ашты.

«Биыл – шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Бұл күні біз Қарулы күштер ардагерлері мен сапта жүргендер сарбаздарымызға құрмет көрсетеміз. Себебі, мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғаушылар қандай марапатқа болса да лайықты. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Сондықтан да бүгін Отан қорғаушылар күні мерекесі мен Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай әскери-патриоттық сайыс ұйымдастырылуда. Бұл сайыста ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрін лайықты жалғастыратын оқушылар айбынды азаматтарымызға тән өнер көрсетеді деп ойлаймын. Олай болса бүгінгі мерекеге орай ұйымдастырылып отырған әскери-патриоттық сайысты ашық деп жариялаймын және жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Күнтілес Айдарбекұлы.

Мерекелік шара одан әрі жас ұландардың саптық шеруіне ұласты. Саптық байқауды ауданымыздағы мектептердің оқушыларынан жасақталған «Құрлық әскері», «Жас ұлан», «Әуе десанты», «Әскери теңіз күштері» сынды түрлі взводтардан құралған жас ұландар жалғастырды.

Саптық байқау, автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтау, оқжатарды жарақтау сияқты кезеңдерден тұрған сайыстың жеңімпаздары мен білім беру ұйымдарындағы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері марапатталып, түрлі сый-сияпаттарға ие болды.

Тағы да оқыңыз: