Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына қажетті қатты отынның мөлшері белгіленіп, оны ауданға жеткізу жолдары қарастырылып жатыр.

Осыған орай, Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде аудан тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету жайы сөз болды.

«Қысқы жылу беру маусымында ауданға 16 мың тонна көмір қажет деп жоспарлап отырмыз. Ауданымызға көмір Қарағанды, Павлодар облыстарындағы кеніштерден тасымалданатындықтан, өзіндік құнының жоғарылайтыны белгілі. Дегенмен, біз халыққа қатты отынды қолжетімді бағада ұсынып, тапшылықты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет. Бүгін тиісті сала басшыларымен бірге осы мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылау үшін кездесіп отырмыз», – деді Мұхтар Әуесұлы.

Аудан әкімі кездесу барысында көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлерге қатты отын бағасын тұрақты ұстап тұруды нықтап тапсырды.

Қазіргі таңда ауданда өткен жылу маусымынан қалыптасқан 2500 тонна қатты отын қоры бар. Одан бөлек, 34 вагон көмір қосымша жеткізілді.

Тағы да оқыңыз: