Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мал қыстату науқанына дайындық жұмыстарымен танысу үшін Бозкөл, Аранды, Бірлік және Өркендеу ауылдық округтеріне арнайы барды.

Бозкөл ауылының тұрғыны Аман Дәулетбаев «Тайкеткен» учаскесіндегі шабындық жерден пресс шөп дайындауда. Шабындық басындағы азаматтардың қимылы ширақ. Олардың бірі техникалардың көмегімен шөпты орып жатса, екіншілері орылған шөпті пресстеуде.

Аранды ауылдық округіндегі «Агро-Өркен» ЖШС егіс алқабынан көршілес Қожабақы, Бозкөл, Бірлік ауылдық округтерімен қатар, Қазалы қаласы және Ақсуат ауылының тұрғындары шөп дайындауда.

Серіктестік директоры Нүркен Әлиев аудан басшысына қысқы мал азығын дайындау барысы туралы кеңінен айтып берді.

“Қазіргі таңда біз жаңа жоңышқаны орып жатырмыз. Дайын жоңышқа шөбін аудан тұрғындарына сатып жатырмыз. Серіктестіктің жұмысшылары мен ауылдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өз есебімізден 4500 пресс шөбін тегін үлестірдік. Одан бөлек, егістік жерінен тұрғындар орақпен шөп орып жатыр. Бүгінгі күннің өзінде 10-нан астам машина шөп алып кетті”, – дейді серіктестік директоры.

Бірлік ауылдық округінің тұрғындары қысқы мал азығын негізінен «Алшын» ЖШС егістік алқабынан дайындайды. Судың кеш берілуіне байланысты мұндағы шөптің бойы аласа. Аздаған күннен соң ауылдағы шөп оратын бригадалар пішен оруға білек сыбана кіріседі. Бұл туралы аудан басшысы Мұхтар Оразбаевқа Бірлік ауылдық округінің әкімі Өміртай Өтеп-Әлі айтып берді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мұнан соң «Айдәулет» шаруа қожалығының шабындығына жол тартып, шөп дайындаушылармен кездесті.

Кездесуде шаруа қожалықтың төрағасы, Жанкент ауылының тұрғыны Берік Жиеналиев шаруаның жайымен таныстырды. Шаруа қожалықтың иелігінде 210 гектар шабындық жер бар. Бұған дейін 30 гектар жерден 3500 пресс дайындап, аудан тұрғындарына сатып жатыр.

“Осы жерде отбасыммен бірге еңбек етіп жатырған жайымыз бар. Үлкен ұлым трактормен шөп шауып, оны пресстейді. Демалыстағы немерелерім шөп жинауға қолғабысын тигізіп жатыр. Әзірге тек қана пішен пресс дайындап жатырмыз. Өкінішке орай биылғы жылы еккен жоңышқаларымыз шықпай қалды”, – деген Берік Жиеналиев шөптің бағасы тұрғындар үшін тиімді екенін айтты.Шаруашылық төрағасының айтуынша, пресстің бағасы ауыл тұрғындары үшін 500-550 теңге болса, сырттағыларға 600 теңгеден екен.

Шабындық басындағы жігіттердің қимылына риза болған аудан басшысы олардың жұмысына сәттілік тіледі. Мұхтар Әуесұлы шаруа қожалықтың төрағаларына ауыл тұрғындарына шөпті мүмкіндігіне қарай арзан бағамен беру жөнінде ұсыныс айтты.Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бозкөл ауылына сапары кезінде тұрғындардың «Дөненбай» каналының етегіне еккен бақшасына барды.

Бұл жерде Байболат Жүсіпов бақша дақылдарын еккен. Ерте көктемнен басталған тынымсыз тірліктің арқасында мұнда қауын-қарбыздан бөлек, картоп, сәбіз, жуа да бітік шыққан. «Жерді баптай білсең, ол өз жемісін береді. Ең бастысы жақсы күтім қажет» деген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев дала диқандарының еңбегі көпке үлгі екенін айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бозкөл, Қожабақы, Бірлік және Жанкент ауылдарына сапары кезінде ветеринариялық пункттерге арнайы соғып, жұмыстарымен танысты.

Тағы да оқыңыз: