Қазалы ауданы үшін былтырғы жыл табысты болды – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қазалы ауданы үшін былтырғы жыл табысты болды

03.02.2021, 17:20

514 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындары алдында жылдың есебін беріп, биыл атқарылар жұмыстар мен міндеттерді баяндады. Өткен жылы шешімін тапқан өзекті мәселелерді түгендеп, өңірді дамытуға қатысты жоспармен таныстырды.

Карантин талаптарын сақтай отырып Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығына жиналған тұрғындар аудан басшысының қорытынды есебін онлайн тыңдады.

2020 жыл өзіндік қиыншылықтарына қарамастан Қазалы ауданы үшін табысты жыл болды. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, 1 ауылға газ тартылды. Одан бөлек, көптеген көшелер асфальттанып, жарықтан-дырылды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдағы тұрғын үйлердің ауыз суы сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 10 көше асфальтталып, жарықтандырылды. Ол үшін қазынадан 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінді.

Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бөлек Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның нәтижесінде Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары басталып кетті.

Өткен жылы аудандық маңызы бар 60 шақырым жол мен елді мекенішілік 70 көше жөнделді. 2021 жылы да жолдарды жөндеуге көп көңіл бөліп отырмыз. Ең бастысы осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы аяқталады.

Сонымен қатар, «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдар да жөнделіп бітеді. Ал, Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 км жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралды.

2021 жылы Әйтеке би кентінен 5 көше, Қазалы қаласынан 10 көшені асфальттайтын боламыз. Одан бөлек, ауылдық жерлердегі көшелер де жөндеуден өтеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 20 көшені асфальттау жоспарлануда.

Ауданға қарасты барлық ауылдардың проблемалық мәселелерін біртіндеп шешілуде. 2020 жылдың өзінде Ақсуат ауылындағы апаттық жағдайдағы балабақша мен клуб салынып, жаңа заманауи ғимаратқа көшті.

Тұрғындардың тарапынан жиі айтылатын «Қарлаң» көпірінің де мәселесі шешілетін күн алыс емес. 2021 жылдың бюджетінен көпір құрылысының жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізуге 80,3 млн. теңге бөлінді.

Осы және басқа да мәселелер туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев кеңінен айтып берді.

Аудан басшысының есебін тыңдап болған тұрғындар атқарылған жұмыстарды оң бағалап, көкейдегі сұрақтарын қойды.

Тұрғындар тарапынан аудандық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін егіске қажетті су жеткізуді қамтамасыз ету, Шәкен, Сарбұлақ ауылдарына гравий жол салу, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамту, бұрынғы №170 мектептің орнына салынатын 250 орындық мектеп құрылысын жаңа оқу жылына да дейін аяқтау, жайылымдық жерлерді күтіп ұстау мен суландыру, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, Ақсуат ауылында ашылған 90 орындық балабақшада қосымша топ ашып, штат санын көбейтіп, логопед маман беру және Әйтеке би кентінде аяқ су мәселесін шешу туралы мәселелер айтылды.

Қорытынды есепке онлайн қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев Қазалы қаласын газдандыруға қажетті қаражат толық бөлінгенін тілге тиек етіп, қуанышты жаңалықпен бөлісті.

0

Пікір қалдыру