Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда дүрбелеңге жол бермеу керектігін баса айтты.

«Жалпы дәрі-дәрмек препараттарын, өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға, медицина қызметкерлерін ынталандыруға және басқа да шұғыл шараларға кем дегенде 150 миллиард теңге бөлінеді. Қаражаттың жұмсалуы ерекше бақылауда болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеуінде.

Президент сонымен бірге қоғамда дүрбелеңге жол бермеу маңызды екенін жеткізді.

«Кейбір арсыз кәсіпкерлер қиын жағдайды пайдаланып, пайдаға кенелгісі келеді. Олар жасанды толқуды тудырып, қажетті дәрі-дәрмекке бағаны әдейі көтереді. Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары алыпсатарларды жауапқа тарта бастады. Әкімдіктер рейдтерді өткізіп, осындай фактілерді анықтауы керек. Кейбіреулер саяси ойындарды ұйымдастырады, қауесеттерді таратады, жағдайды әртүрлі болжамдар мен үндеулермен қыздырады. Қоғамда жеккөрушілік тудыруға тырысады. Мұндай манипуляциялар өте қауіпті. Сондықтан оларға заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы да оқыңыз: