Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Осыған байланысты Қазақстанда да халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін төтенше жағдай жарияланды.

Әлемді шарпыған індет біздің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да кер әсерін тигізбей қоймады. Өндіріс орындарының жұмысы тоқтап, халық көп шоғырланатын ұйымдар онлайн режимге көшті. Жүзден астам мемлекетте орта мектептер жұмысын тоқтатты. Ал білім беру жүйесі қандай жағдай да да тоқтамауы тиіс.

Бұл біздің елдің алдында тұрған үлкен сынақ болғаны анық. Дегенмен ҚР Білім және ғылым министрлігінің дер кезінде қабылданған шешімінің арқасында мектептердегі оқу үдерісі қашықтан оқыту режиміне көшті. Бұрын мұндай үдерісті бастан өткізіп көрмеген біз үшін бұл таңсық болды, әрине.

Алғашында интернет, техника жағынан қиындық туындағаны жасырын емес. Десек те ХХІ ғасыр оқушылары дәстүрлі оқу мен жаңа технологияны да қатар игеруі керек. Осы ретте айтарым кездескен көптеген кедергілерге қарамастан мектеп мұғалімдері балаларымыз бен қоса бізге де, яғни, ата-аналарға да көмек көрсетті.

Қалай десек те, «Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бағытын аялаған» ұстаздар қауымының еңбегі зор. Әр балаға білім беріп, оның артында тұрған бір-бір ата-анаға жаңа білім жүйесін түсіндіруден жалыққан емес. Әр пәнді жете түсіндірген мұғалімдер баланың жанында отырғандай сүйеу бола білді.

Ұстаздар қауымының әр онлайн-сабаққа үлкен жауапкершілікпен дайындалатындары көрініп тұрды. Балалар сыныптастарымен бірге сабаққа белсене қатысудың арқасында тақырып меңгеруде қиындықтар туындаған жоқ.

Осылайша, оқу жылының соңғы тоқсанында өткен қашықтан оқыту жүйесі мектептің  бала тәрбиесіндегі маңыздылығын және ұстаздар қадірін арттыра түсті.

№3 ITмектеп

4 «А» сыныбының ата-аналары

Тағы да оқыңыз: