Kyzylorda-news.kz. Қармақшылық Азамат Сәбитов Жосалы кентінен өз кәсібін бастап, қазіргі таңда ісін өрге домалатуда.

Жас кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өзінің жобасын ұсынып, 583 мың теңге грант ұтып алған. Алайда әзірге кәсібін өз қаражаты есебінен бастап отыр.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер кент орталығында газоблок құрылыс материалын өндіруде. Ол ең алдымен газаблок өндіру бойынша арнайы білім алған.

«Газоблок өнімі – қазіргі таңда сұранысқа ие. Ол әмбебап құрылыс материалы. Бұл өніммен құрылыс та өнімді жүреді. Газоблок ұзаққа төзімді, өртке, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, жылуды сақтауы жоғары, аз ғана үлес салмағы бар, түрлі өңдеулерге ыңғайлы құрылыс материалы. Көп ретте орта жағдайдағы азаматтардың коттедж құрылысын тұрғызуға кететін шығын мөлшерінің қалта құнына сай келеді. Сол үшін осы кәсіп түрі тиімді әрі пайдалы көрінді. Біліктілігімді жинаған соң өз қаражатыммен бастап кеттім. Енді мемлекеттік қолдауына ие болып отырмын. Алдағы уақытта қаржы қолыма тисе қажетті құрал-жабдығымды алмақпын», – дейді Азамат Сәбитов.

Жас кәсіпкер шығарған өнімін өлшемі бойынша 400 теңге мен 1000 теңге арасында сатуда.

«Жағдайы келмейтін кей жандарға түсіріп беруге де тырысамын. Алдағы уақытта ауданда мешіт салынса, арзан бағаға беру жоспарда бар. Қазіргі таңда қасымда 2 көмекшім бар. Оларға жалақы төлеймін», – дейді кәсіпкер.

Тағы да оқыңыз: