Kyzylorda-news.kz. Қармақшы аудандық прокуратурасының бастамасымен полиция бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы және сот орындаушылармен бірлесіп, мемлекет пайдасына қаржы өндіру бағытында рейдтік шаралар жүргізілуде.

Шараның мақсаты – әкімшілік айыппұл және мемлекет алдында басқа да берешектері қалыптасқан тұлғалардан тиісті қаражатты өндіру, қажет болған жағдайда құзырет шегінде мәжбүрлеу әрекеттерін қолдану және бұның салдары мен берешекті төлеудің жолдарын кеңінен түсіндіру.

Тамыз айының соңғы он күндігінде жүргізілген осындай шаралар нәтижесінде тұлғалардан қарыз ретінде қалыптасқан әкімшілік айыппұлдар айтарлықтай азайған. Бұл шара жүйелі түрде жалғасатын болады.

«Құрметті аудан тұрғындары, мемлекет алдындағы берешекті уақытылы немесе толық төлемеу, уәкілетті органдар тарапынан сізге деген қандайда бір шектеу немесе мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкеледі. Ол дегеніміз ел аумағынан шығуға кедергі қою, есепшоттарға тыйым салу, мүлікке оның ішінде үй, жер, көлік құралдарына қатысты түрлі шектеу шараларын қабылдау.
Бұл өз кезегінде құжаттарды реттеу немесе алыс-беріс, сату-сатып алу сәттерінде кедергі болатыны анық. Сондықтан, Сіздерден кез келген құқық бұзушылықтан аулақ болуды, профилактикалық жұмыстарға атсалысып, мемлекет алдындағы берешектеріңізді уақытылы және толық төлеуді сұраймыз», – делінген хабарламада.

Тағы да оқыңыз: