Қармақшы ауданында құрылыс қарқынды – Kyzylorda News
Басты бет

Қармақшы ауданында құрылыс қарқынды

19.08.2022, 16:36

293 0

Kyzylorda-news.kz. Ел дамуында ауданның да айшықты нысандары аймақтың ажарын аша түскендей. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халыққа пайдаланылуға беріліп келеді. Одан бөлек, жол бойы алаңдарының құрылысы қарқынын арттырғаны айқын. Жыл басынан бері облыс қазынасынан қаражат қаралып, бұл қаржыға екі абаттандыру, 16 жол жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мұнан бөлек те көптеген іс жолға қойылды.

Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, сондай-ақ бірқатар бөлім басшылары аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аудандағы алдыңғы қатардағы Тәуелсіздік көшесі орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Осы көшемен аттас ықшам аудандағы балалар ойын алаңына да жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, С.Көбеев, С.Сейфуллин, Тайшық би, Қ.Мүсіркегенов, А.Иманов, Б.Момышұлы, Е.Сексенбаев көшелері де биылғы бюджеттің қаражатымен халыққа жағдай жасалынып, жаңа күйге енбек.

Тек көшелерді ғана емес, аллеялар мен саябақтарды да абаттандыру қолға алынды. Сонымен қатар Тайшық би көшесіндегі «Сыр сүлейлері» аллеясы ауданымыздың айшықты орындарының біріне айналуда.

Мұнан соң бірнеше балалар ойын алаңының құрылысы жүретін аумақтарды аралады. Кент орталығындағы №121 орта мектептің күрделі жұмыстары және «Достық» сауда үйінің жанында орналасқан бақша өнімдерін сатуға арналған сауда қатарының жай-күйін де өз көздерімен көрді. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніне бас сұқты. Сонымен қатар кент орталығында орналасқан бақша өнімдерін сатуға арналған сауда орнында болды.