Kyzylorda-news.kz. 2012 жылдың желтоқсан айындағы жаңажылдық көңіл-күй астананың таза ауасынан да сезіліп тұрды. Үйлеріне асыққан адамдардың қадамынан қиыршық қар сықырлап жатты. Ғимараттардың үстіндегі жиналып қалған қалпақ қар гирляндтармен, жаңажылдық безендірулермен үйлесіп, сиқырлы жаңа жыл түнінің тылсымдылығын арттырып тұрғандай.

Бірақ мұндай сұлулық алдамшы еді. Астаналық департаменттің қабырғасында асып-саспай, сабырмен, бірақ қысқа мерзім ішінде «Қарлы боран» операциясы дайындалып жатты. Себебі, астананың көрікті орындарының бірі боп саналатын, халық «Пирамида» атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайын терроршылардың жарғысы келетіндігі мәлім болған-ды. Радикалдардың өзіндік арам пиғылдары болды. Салынғалы бері астананың бет-бейнесіне айналып үлгерген ғимарат қазақстандықтар үшін қасиетті орындардың бірі екендігін олар түсінді.

Топ мүшелерінің шектен шыққан радикалды көзқарастары еріксіз назар аудартты, өздерінің әділдіктеріне деген фанаттық сенім жолында олар ештеңеден тайынбайтындықтарын білдіріп жатты. «Бауырлар» мұнымен де тоқтамай, ҰҚК бірқатар қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді өлтіруді жоспарлады.

Бұл туралы ақпарат департаментке жаңа жылдың алдында келіп түсті.

Жедел хабарламамен келген соңғы ақпаратты тексеріп шыққан Ербол алдындағы «Құпия» деген белгісі бар істі түн ортасында жапты. Оның алдында терроршының сыбайластарының барлық байланыстарын анықтау және ең бастысы терактінің алдын алу міндеті тұрды.

Қайтар жолда «Терроршыларға сыбайластар керек, ақша, қару-жарақ керек, онсыз олар қалай шабуыл жасайды? Олардың қайсысы қару-жарақ іздеп, сатып алады?» – деп ойлады. Топ жетекшісі «Абдолланың» сонау Ауғанстандағы «Файзолла» деген содырмен телефон арқылы сөйлескендігі соңғы хабарламадан белгілі болды. Шетелдік терроршының есімі органдарға бұрыннан белгілі еді. Кезінде Қазақстанды тастап кетіп, Вазиристандағы терроршыларға қосылған болатын. Содан бері ол халықаралық іздеуде жүр. Енді ол Қазақстандағы жасырын радикалды бастауыш ұйымын тірілтуге тырысып бағуда. Ауыздарына асхана пышағын тістеп тұрып үш рет «Аллах Акбар» деп «байат» берген, яғни ант берген «ұйқыдағы» сыбайластары қашанда оның айтқандарын істеуге дайын тұрды. Өздері табынған адамға шын берілгендіктерін дәлелдейтін уақыт енді келген сияқты.

Алты радикалдың ішіндегі «Абдолла» «әмір» қызметін атқарды. Барлығы дінге есі кете құлаған фанаттар. «Әмірдің» кез келген бұйрығы мүлтіксіз орындалады. «Абдолла» мен «Файзолланың» жүргізген «ми тазалау» жұмыстары өз нәтижесін беріп жатты. Олардың бастарындағы бұған дейінгі адамгершілік қасиеттер адам танымастай өзгерді. Ойдан шығарылған діни қитұрқылар арқылы айналасындағы адамдарға деген жеккөрушілік сезімін тудыруға бар-жоғы үш ай жетіп жатты. Адамдардың кәдімгі қуаныштары, ағайын-туыспен араласуы, сәбидің пәк күлкісі, табиғаттың сұлулығы, көгілдір аспанның құны олар үшін бір тиын болып қалды.

«Абдолланың» өзі діни дәстүр бойынша үйленді. Ата-анасынан жасырын түрде қашып, басына хиджаб киіп, содырға тұрмысқа шыққан кездегі қыздың жасы бар-жоғы он алтыда еді. Өзінің күйеуі мен топ мүшелері оны шаһид ретінде дайындап жатқандығын ол әлі білген жоқ еді. Оның көзқарастарын өңдеу жұмыстары толығымен жүріп жатты.

ҰҚК департаментінде де бұған қарсы құпия атауы «Қарлы боран» деп аталатын операция қызу дайындалуда еді.

«Істің фигуранттары мен мән-мағынасы бізге белгілі, тек осыны қандай тәсілмен іске асырғылары келеді, соны анықтау ғана қалды, қалай болғанда да трагедияға жол бермеуіміз керек! Уақыт тығыз. Осы ұсынысты талқылайық!» – бастық таңертеңгі жиналысты осылай бастады.

Ерболға топтың ішінен адам табу керек болды. Бұл мәселені шетелдік содыр «Файзолланың» бұрынғы таныстары мен сыныптастарынан бастау керектігі туралы әріптес ағалардың пікірі ойға қонымды болып көрінді.

Уақыттың тығыздығы сағаттар мен минуттарға ауысты. Сенімді адам тапқанмен, оны осы бір қауіпті іске көмектесуге көндіру оңай шаруа бола қояр ма екен. Таразының бір басында өмір мен өлім айқасып тұрғанда, екінші басында ағайын-туыстың амандығы тұрғанда, осындай іс-шараға кім тәуекел дей қойсын?

Ербол отызға жуық іс қағаздарын қарап шықты. Бұлар «Файзолланы» баяғыда білген, баяғыда араласқан адамдар.

Бір кандидатты таңдап алып, сонымен кездесуге барды. Әңгіме ауыр өтті. Респондент алтын берсең де мұндайға көмектеспейтіндігін білдірді. Алайда Ербол оның бойынан намыс сезімін оятып, табыстың қол созым жерде тұрғандығын және қасиетті іске сену керектігін айтып, оны көндіргендей болды. Оны топқа қосу жұмысы бірнеше күнге созылды. Айтатын «аңызы», атрибуттары – барлығы қолда тұр.

Қылмыскерлер ортасына кандидатты кіргізуге бәрі де дайын. Ендігі шаруа оны қалай таныстыру керек? Осы орайда бір оқиға өзінің сәтін салды.

Топ басшысы «Абдолла» оқу-жаттығуға арналған Калашников автоматын сатып алып, енді соны ұрыс қаруына айналдырып беретін сенімді адам іздестіріп жүргендігі белгілі болды.

Ербол осы сәтті тиімді пайдалануға тырысты. Ойша жоспар жасалды. Әдеттегідей таңертеңгі уақытта «Абдолла» такси ұстап тұрды. Ал оған тоқтаған такси Ерболдың адамы еді. Жол-жөнекей таксиші өзі жасап, өзі қайраған, сәнді оюлары бар пышағын көрсетіп мақтанды. «Әмірді» таксишінің өнері қызықтырғандай болды. Ары қарай барлығы май жаққандай сырғи бастады. «Абдолла» одан көмек сұрап, әңгіме барысында олардың ортақ танысы бар екендігі белгілі болғанда, «Әмір» оған тіпті сене түсті, сеніміне кіргені сонша, шеберді өздерінің «амолиеттеріне» қатысуға шақырды (Аллахтың разылығы үшін жасалатын іс-қимыл).

Қысқа мерзім ішінде Ербол топ ішіндегі дереккөзі арқылы топ мүшелерінің көршілес елден қару-жарақ сатып алу үшін шұғыл түрде қаржы іздеп жүргендіктерін білді. Олардың тіпті сол жаққа барып, арсеналды алып келетін курьері де дайын екен. Қаруды қалаға қалай алып келеді, сол күні олар террорлық акті жасауды жоспарлады.

Терактіден кейін қылмыскерлер жасырынып, Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өтуді жоспарлады. Одан әрі қарай өздері арман еткен жерлері  – Сирияға барып, терроршылар жағында азаматтық соғысқа қатысуды ойластырады.

Жедел қызметкерлер үшін Жаңа жыл деген мереке жайына қалды. Күндіз-түні аяқтарына тыным болмады. Жантүршігерлік оқиғаларды болдырмау үшін қылмыскерлердің іс-қимылын дәлелдейтін айғақтарды жинап үлгеру керек. Олардың қай жерге жиналып, қай жерге қару-жарақты жасыратындығын Ербол уақтылы біліп отырды.

Сәттілік сәтін салам десе амал бар ма! Күтпеген жерден «Әмірдің» курьерді ауыстырмасы бар емес пе. Ербол дайындаған жігіт курьер болып тағайындалады. Жаңа курьер Қазақстанды артқа тастап, жауапты іске аттанады. Бұл уақытта жедел қызметкерлердің қалада «құлақ-көзсіз» қалды. Жергілікті содырлар бақылаудан шыға бастады. Жедел жете тексеру құрдымға кеткелі тұр. Терроршыларды іштен бақылайтын адам жоқ.

Ербол терроршылардың арасына өзі кіруді ұйғарады. Бұл қалаға келгеніне көп бола қойған жоқ, оны ешкім тани қоймас. Тыңғылықты дайындалып, сақалын өсіріп, қаружараққа кеткен жігіттің досы ретінде еш қиындықсыз олардың бандасына қосылады.

Осылай жасағаны өте дер кезінде болыпты. Өйткені «Абдолла» зергерлік дүкеннен барлық құнды заттарды ұрлауды, осы арқылы қару-жарақ ақысын төлеп, қаржының бір бөлігін «Имарат Кавказ» содырларына жіберуді және Сирияға баруды жоспарлап отыр екен. «Әмір» осындай ойы бар екендігін топтағы сыбайластарынан да жасырмады. Иә, шын мәніндегі әңгіме қалайда дүкенді тонау туралы еді.

Сәйкес келетін объектіні таңдауға «Абдолла» бар-жоғы жиырма күн берді.

Радикалдар үнемі бірігіп жүруге тырысты. Соңдарынан аңдудан қауіптеніп, мешіттерге бармады. Өздерінің ұстаздарының басшылығымен намазды қатаң түрде оқып тұрды. Түнде бір бөлмеде ұйықтады. Түн ортасында Ербол әлдекімнің тықырлаған дыбысынан оянды. Ақырындап қараса, «бауырларының» бірі мұның сөмкесі мен киім-кешектерін ақтарып жатыр екен. Тыңдау құрылғыларын іздеп жатқандығын бірден түсіне қойды. Ештеңе таппаған соң орнына барып, қайта жатты.

Таңертең «бауырлар» тонау мен терактіге байланысты дайындықтарын қайта бастады.

Жалпы жиналыстарында болашақ  операцияларының нұсқаларын қызу талқылады. Терроршылар мешіттегілердің бәрін атуды, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауды немесе көшедегі жүргіншілерді өлтіруді ұсынды. Алайда олардың басшылары алғашқы жоспарды өзгеріссіз қалдырды: шаһид әйел Бейбітшілік және келісім сарайына барып, сол жерде жарылғыш құралды іске қосуы керек.

Бұдан кейін зергерлік дүкенді тонау кезіндегі рөлдерін бөлісті. Ерболға, топтағы ең жас жігіт ретінде, негізгі тонаушымен бірге үй-жайдың ішіне кіруді сеніп тапсырды,

Бір күні барлығының ұялы байланыс телефондарын жинап алды. «Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін! «Бауырлар, біз өзімізді сақтауымыз керек!» – деген әмір оларға жаңа сим-карталар берді. «Әрбір 2 күн сайын ауыстырып тұрыңдар!».

Банда ішіндегі, бұларды енді банда деуге толық негіз бар еді, жағдай күннен күнге ушыға түсті. Басшылары тонайтын дүкенді тауыпты. Шабуылға дайындала бастады.

Осы кезде астанада террорлық шабуыл жасалғалы жатқандығы туралы ақпарат шетелдегі дереккөздерінен келіп түсті: «Жақын арада қалада теракті дайындалуда. «Файзолланы» Қазақстандағы терактілер бойынша басшы етіп тағайындады».

Терактінің қалай жасалатындығы, орындаушыларының кім болатындығы, нақты қай күні болатындығы туралы ештеңе айтылмаған. Шетелмен хабарласып, анықтайтын уақыт та жоқ. Жедел жағдайда мұндай мәселе жиі болып тұрады. Қысқа ғана қайырылған ақпараттан нақты картинаны жасау керек еді.

Қалада терроршылардың тағы бір астыртын бастауыш ұйымы болуы мүмкін деген ой Ерболға тыныштық бермеді. Түнге қарай Ербол тәуекелге бел бумақ болды: басшының атынан «Файзоллаға» тікелей хабарласуды ойластырды. Бірақ оны қалай істеу керек? Содыр телефонын үнемі өзімен бірге ұстап жүреді. Тіпті оған пышақты қоса ұстайтындығы бар. Сәл қателесіп кетсе «Абдолланың» қолынан ажал құшуы ғажап емес. Өткен аптада сыбайластарының бірі намаздың бір сөзін арабша дұрыс айта алмағаны үшін қылқындырып, өлтіріп қоя жаздады. Амал жоқ, тәуекел!

Барлығы ұйықтағаннан кейін жедел қызметкер «Әмірдің» кереуетіне еңбектеп жетті. Жастықтың астында жатқан телефонды мұқият алды. Едендегілердің арасынан абайлып өтіп, шығар есікке жақындап қалған. Күтпеген жерден біреу аяғынан шап беріп ұстай алды. Ербол тұрған жерінде тас болып қатып қалды. «Су ішіп келем!», ұстаған қол босап сала берді, Ербол терең демалып, бөлмеден шықты.

«Енді «Файзолла» деген контактті табу керек». Уақыт тоқтап қалғандай,  жүрегінің дүрсілін естіп тұрғандай болды. Телефонның көгілдір сәулесі Ерболдың бетіне төгіліп тұрды. Басындағы ойларын қуалаған саусақтары телефонның бетінде жүгірді. Керегі бірден табылды. «Енді СМС жазу керек: «Бауырым, біз дайынбыз! Сұрайын дегенім, бұл қаладағы «бауырлар» тек біз ғана ма?» – басын өлімге тіккен Ербол адресатқа осындай хабарлама жіберді.

Өздерінен басқа ешкім жоқ деген хабар алған соң Ербол терең демалды.

«Әмірдің» жоспары бойынша зергерлік дүкенге жаңа жыл түнінде баратын болып шешілді. Өйткені мұндай уақытта адамдар алаңдаулы болады. Құрылыс пышақтары, қолғаптар, пісіру аппараты, балға, шынысорғыштар, бұрауыштар алдын ала сатып алынды.

Желтоқсанның соңғы күні де келіп жетті. Қала араның ұясындай абыр-сабыр: ары-бері ағылған машиналар, адамдар үйлеріне, туған-туыстарына асығуда.

Банда мүшелері объектіге жақындау жиналды. Ербол да ширығып тұрды.

– Егер үлгермей қалсақ, бізді ұстап ала ма? – біреуінің толқып тұрғаны байқалды.

– Сенде пышақ бар емес пе, қорықпа! – деп «Әмір» зілді жауап қатты.

Шындығында оның қиялы шарықтап, ойша Сирияда Евраттың жағасында, өзінің төрт әйелімен қыдырып, арасында кальян шегіп жүрген еді. Сыбайластарының баяу қимылдайтындығы оның жынын келтірді. Ербол ақырындап, басшының ту сыртына ойысты, ондағы ойы егер шабуыл болып жатса қаруын алып үлгертпей оның аяғынан теуіп құлату еді.

Олардан таяқ тастам жердегі қараңғы үйде арнаулы қызмет жауынгерлері орналасты. Банда дүкенге енген мезетте олар «жұмысын» бастауды күтіп отырды.

23 сағат 58 минутта жаңажылдық отшашулардың тарсылдаған даусы мен жарқылдаған сәулесін «жамылып», радикалдар, әрі тонаушылар дүкенге басып кірді. Олардың бар істеп үлгерген ісі осы болды. «Орындарыңнан қозғалмаңдар, ҰҚК!» деген команда оларды жіпсіз байлады. Еденге тұмсық тіреп құлаған банда мүшелері қарсылық көрсету туралы тіпті ойлаған да жоқ.

Фигуранттардың жолы кесілгенімен, жедел дайындық тоқтамады. Осындай шараны қолданғандықтары дұрыс та болыпты, оған әсіресе көп ұзамай ҰҚК тергеу изоляторынан қару қолданып қашпақшы болғандардың жолы кесілгенде, барлығының көзі жетті.

Осы жерде эпилог керек екені сөзсіз: «Абдолла» тобының барлық мүшелері әртүрлі мерзімге сотталды. Комитет мамандары басшының әйеліне психологиялық көмек көрсетті.

Арада үш күн өткенде шетелде жүрген басты үйлестіруші «Файзолла» да ажал құшты. Ауғанстанның үкіметтік күштерімен болған қақтығыс кезінде шөл далада, ішінде терроршы отырған машинаға ұшқышсыз ұшақтың соққысы тиді.

«Қарлы боран» басылып, барлығы ақ көрпе жамылғандай болды.

P.S.

«Абдолла» тобының жолын кесуші офицер Ерболдың кейінгі тағдыры не болды?

2010 жылы ҰҚК Академиясын аяқтаған соң таратылым бойынша астаналық департаменттің жедел бөліміне түскен Ербол тәжірибелі ұстаздармен кездесіп, қызметте жолы болды. «Сарыауыз» лейтенанттарға департаменттің тәжірибелі қызметкерлері көмек көрсетуге қашанда дайын еді, әрине арасында олардың қимылына қарап күліп те алатын.

Академияда оқыған жылдары туралы жас офицер әрдайым жылы пікір білдіреді: «Болашақ мамандығымызға бізді тыңғылықты дайындады. Жеке тәжірибелерін курсанттармен бөлісетін оқытушыларды әрдайым ілтипатпен еске аламын».

Тағы бір маңызды фактор: күрделі жедел жағдай кешегі түлектердің кәсіби жағынан тез шыңдалуына әсер етті. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында өзінің толеранттылығымен танылған қазақстандық қоғам діни радикалдар тарапынан беріктік сынағынан өтті.

Бөлімшелердің бірінің басшысы болған жедел қызметкер қызметін табысты жалғастыруда. Оның жасы отыздан сәл ғана асқанымен, негізі Комитеттің құрдасы.

Тағы да оқыңыз: