Қамшыбек Қызылордаға келді – Kyzylorda News
Басты бет

Қамшыбек Қызылордаға келді

12.08.2021, 13:47

702 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысушылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбай туған жеріне оралды.

Жерлестері спортшыларды Қорқыт Ата атындағы әуежайда салтанатты түрде қарсы алды. Айтыскер ақын, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов спортшылардың құрметіне арнау арнап, сайыс барысында оларға бүкіл ел қызығушылықпен қарап, жанкүйер болғанын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевты жеңісімен құттықтап, өңірдің спорт тарихында алғаш рет бокстан олимпиада медалі қоржынға түскенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға әлі талай спорт бәсекесінде ел намысын, Сырдың абыройын биікке көтеретініне сенім білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Қамшыбекті жеңісімен құттықтап, спортшыларымыз болашақта Париждегі Олимпиадада еліміздің атын шығарады деп сенім білдірді.

Өз кезегінде, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жерлестеріне ризашылығын білдірді және алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге ұмтылатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, XXXII жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода өтті.

Олимпиадаға Сыр елінің атынан 3 спортшы: бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай қатысты.

0

Пікір қалдыру