Kyzylorda-news.kz. Ұлы Дала елінде сақ-ғұн дәуірінде басталған мемлекеттік мұрат идеясы ХХ ғасырда аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткізіп, елдіктің қасиетті жібі үзіле жаздады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мұхаметжан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Темірбек Жүргенов сынды тұлғалар атқа қонып, азаттыққа бастайтын жол іздеді.

Сол себепті тұлғатану тамырын басқанымызда ХХ ғасырдағы «алтын буынға» арнайы тоқталмай өте алмаймыз. Ал, осы ұлық тұлғалардың арасында Темірбек Қараұлының орны ерекше.
«Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргенов Қазақстан мен Орта Азия елдерінде оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол өз заманында тарих артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын өтеді.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ СЕБЕПКЕРІ

ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің тарих алдындағы еңбегін үш арнаға бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі, ағартау саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
1927 жылы Ташкент қаласында бой көтерген Қазақ педагогикалық институтының ректоры (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ), Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, орта білім беру жүйесін құрып, 4000 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған ағарту комиссары екенін айтуымыз тиіс.

Қайраткер тұлғаның екінші қыры, өнер мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртуінен көруге болады. Тұңғыш ұлттық опера өнерінің негізін салып, ұлттық театр өнерінің дамуына мұрындық болды. «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесалары алғаш сахналанды. «Шахнаманың» тұңғыш қазақ тіліне аударылуы, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алуы сынды азаматтық істері көп. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты.

Иә, абақтыда жатқан Араб, парсы, шағатай тілін жетік меңгерген ағартушы, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовті шығарып, «Шахнаманы» қазақ тіліне аударуына жағдай жасады.

Т.Жүргеновтің қаламгерлігінен бұрын тұлғаларға қамқорлығын атап өтуіміз тиіс. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сынды қайраткер тұлғаларды тартып, өнер мен мәдениет саласының дұрыс арна алуына жағдай жасады.

Ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев және тағы басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына қамқорлық жасады.

Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді.
Ең бастысы, 1936 жылғы Мәскеудегі өнер декадасын сәтті ұйымдастырып, елдіктің сара жолын қалыптастыруға үлес қосты.

Иә, Темірбек Қараұлының басшылығымен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін жоғары деңгейде ұйымдастырылуының нәтижесінен Сталин бастаған КСРО басшылығының қазақ ұлтына деген көзқарасы өзгеріп, «өрелі өнері бар ұлттың елдік салтанаты болуы керек» деген іштей пайымға келеді. Сөйтіп, сол жылдың аяғында автономдық республикадан одақтық мәртебе алып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп атандық. Әрине, жаңа статусқа ие болуда Мәскеудегі онкүндіктің әсері болғаны да анық.

Енді ойланып қарайықшы, 1991 жылы КСРО тараған кезде одақтық статусы бар елдер тәуелсіздігін жариялады, ал, автономды статусқа ие Башқұртстан, Татарстан, Саха сынды республикалар Ресей Федерациясының құрамында қалды. Яғни бүгінгі Тәуелсіздігіміздің себепкерінің бері Темірбек Жүргенов деп айта аламыз.

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

«Қазақ мұңы», «Еңбекшіл қазақ», «Ұшқын», «Қызыл Қазақстан» газет-журналдары арқылы публицист-қаламгер ретінде танылып, әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сыны туралы жазған алғашқы қаламгер деп бағалауға болады.

Бұл өреде Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуга» рецензиясын (Казахстанская правда, 1934 жыл 21 маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет.

Бір қызығарлығы, Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей мақалалар жазған алғашқы қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды.

Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» (1925 жылы Ташкент) деген жинақ құрастырды. Оған Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов т.б. авторлардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәліметтер берді.

Әдебиет тарихы мәселелеріне ат басын жиі бұрып, «Жерұйық» атты мақаласында (Қазақ әдебиеті, 1936 жыл 10 шілде) Асан Қайғы тұлғасына алғашқылардың бірі болып толымды баға беріп, XIV ғасырда қазақ халқының жазба тарихы жасала бастаған дәуірде өмір сүрген деген ой айтты.

ТҮРКІ ЖҰРТЫНА ОРТАҚ ТҰЛҒА

Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауатын ашады. Кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алады.

1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады.

1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болады. 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаты атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі.

Ташкент шаһарында білім алып жүріп өзінің азаматтық белсенділігін, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілет-қарымын көрсетіп, газет өндірісі, білім беру, партиялық, үкіметтік жұмыстарда шыңдалады.
1929-1930 жылы Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-1933 жылы Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары. 1933-1937 жылы Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады.

Қазақтың арғы-бергі тарихын қарасаңыз, үш бірдей елде жауапты қызмет атқарып, елдің абыройына бөленген тұлғалар көп емес.

Бүгінде Т.Жүргеновке тәжік, өзбек ұлты да мақтанышпен қарайды.
Темірбек Жүргеновтің есімі тек қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі дейтініміз сондықтан.

ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЫЛҒАН ҒҰМЫР

«Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», – деген ұлағатты Темірбек Жүргенов ұстанды.

Евгений Брусиловский «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Борис Орлов және мен.

Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» – деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?», – деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті» деген жолдан қайраткердің ұстанымына адалдығын көруге болады.

Амал не, қайраткерлік қабілетінің нағыз қалыптасқан кезеңінде 1937 жылы 3 тамызда «Халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді.

Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек Қараұлы атылған күні абақтыға жабылды. 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізді. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан кейінгі 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске – Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне арнады.
Жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды.

РУХАНИ ӨМІРІ ЖАҢҒЫРДЫ

Әлі есімде, 2019 жылы 13 тамызда Қызылорда облысының делегациясын бастап (облыс әкімінің орынбасары ретінде) Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, қайраткер тұлға Сәпен Аңсат ағамызбен бірге Ташкент қаласына бардық. Облыстық театрымыз «Темір Нарком» спектаклін сахналап, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырып, Жүргеновтану ілімінің мәселелерін көтеріп, қайраткер тұлғаның болмыс-бітімі мен қабілет-қарымын насихаттаудың маңызы сөз болды.
Бүгінде Жүргеновтану ілімі қалыптасып, Темірбек Қараұлының тарихтағы орны мен қызметіне баға берілуде.

Сыр өңіріндегі медиа-ақпараттық орталық – «Сыр медиа» холдингі Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде орналасқан. Яғни Жүргеновтің танымы мен тағылымын насихаттауда журналистер қауымы еңбектенуде.

2023 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтың 125 жылдығы аталып өтіледі. Біз бұл бағыттағы кешенді жұмыстарды бастап кеттік.

Руслан Рүстемов,

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы

Тағы да оқыңыз: