Kyzylorda-news.kz. Байқоңырда тұратын қазақстандықтардың ортақ мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бірнеше сағатқа созылған халықпен кездесулерде де өзекті мәселелер қамтылды.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңырдағы азаматтарды алаңдатқан мәселелерді орнықты түрде шешу үшін орынбасарлары мен сала басшыларына кездесу өткізуді тапсырған. Соның аясында облыс әкімінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылдық округының тұрғындарымен кездесті. Ерекшелігі, бұрынғыдай емес, халықпен кездесу форматындағы жиын толықтай қазақ тілінде өтті. Ал, ресейлік тарапқа ілеспе аударма қызметі ұсынылған.

Жиынға Байқоңыр қалалық әкімшілігінің Басшысы Константин Дмитриевич Бусыгин және қала әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, екі тараптан құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқарма мен жергілікті мекеме басшылары қатысты.

Қайрат Нұртай өз баяндамасында бүгінгі күнге дейін қазақстандық тараппен атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарлармен, «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының тапсырмаларының орындалуына тоқталды.Кездесу барысында қалада Ресей Федерациясына қарасты мекемелерде жұмыс жасайтын тұрғындарға үй беру мәселесі, азық-түлік бағасы, инфрақұрылым, Байқоңыр қалалық ауруханасының аумағына аялдама қою мәселесіне қатысты тұрғындар сауалына жауап берілді.

Айрықша айту қажет, Төретам және Ақай елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет тарифтері мәселесінің де оңтайлы шешімі бар. Ал, Қазақстан тарапы жүргізіп жатқан 50 пәтерлі 5 тұрғын үй байқоңырлықтарға табысталатын болады.

Тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты.

Тағы да оқыңыз: