Kyzylorda-news.kz.  Бүгінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып,  шаруасын дөңгелетіп отырған пробация есебіндегі азаматтардың  қатары артып келеді.

Жыл басынан  Қазалы аудандық пробация есебінде тұратын 2 азамат Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Олар қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде, наурыз айында 583 400 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Қазір оның бірі құс шаруашылығын ашып, кәсібін дөңгелетсе екінші азамат мал шаруашылығымен айналысуда.

«Мәселен, менде мардымсыз айлыққа күнім қараған қарапайым жұмысшы едім. Бүгінде Қазалы аудандық пробация қызметкерлерінің көмегімен мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Қазіргі заманда жұмыс жасап, тұрмысын түзеймін деген жандарға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер берілуде. Мал шаруашылығымен, бизнеспен айналысам деген адам қорықпай екі білегін сыбанып, екі қолға бір таяқты ұстап, малдың артынан қалмай, оны күтіп-бағып жасайтын болса, рахатын көретіні анық»,-  дейді есептегі азамат.

Жуырда есептегі тағы бір азамат мемлекеттен 583 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды. Енді, бұл азамат қайтарымсыз қаражатына қой шаруашылығымен айналысып, қойды асылдандырып, олардың санын көбейтсем деп отыр.

 Мемлекетіміз тарапынан жасалып жатқан бұндай көмектер пробация қызметі есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіруге зор көмегін тигізуде.

Тағы да оқыңыз: