Kyzylorda-news.kz. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде маңдай терін төгіп еңбек етуді құлшылыққа теңесе, ақ-адал кәсіп жасап, жұмыстан кейін шаршап ұйықтаған адамның күнәсі кешірілетінін айтқан. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда маңдай терін төкпей-ақ байлыққа жеткісі келетін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжа тапсам дейтін адамдар қатары көбейіп бара жатқандай әсер қалдырады.

Кезінде Абай атамыз әбден сынаған қазақтың жалқаулығына кейін «өкімет өлтірмейді» деген кеңестік түсінік қосылып, оның соңы жатыпішерлік «өмір салтының» қалыптасуына әкеп соқпады ма деген ойға қаласың кейде.

Осындайда адамзатқа «еңбектің наны тәтті» екенін, ал тегін келген дүниенің қадірі болмайтынын айғақтаған кейбір оқиғалар еске түседі. «Америка – әлемдегі ең бай ел, бізде кедейшілік болмауы тиіс» деген бейкүнә ойдан бастау алған Прюитт-Айгоу жобасы – соның айқын мысалы. Бұл мақаламызда біз осы оқиға жайында аз-кем әңгіме өрбітуді жөн санадық.

Америкалық «қолжетімді баспана»

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ билігінің алдында тұрған кезек күттірмес проблемалардың бірі – халықты баспанамен қамту мәселесі болатын. Өйткені, басым көпшілігі елдің оңтүстік аймағын мекен еткен қара нәсілді кедей халық соғыстан кейін индустриалды солтүстікке ағылып, ірі мегаполистердің маңайындағы құмырсқадай құжынаған геттоларда тұрып жатқан еді. Мұндай проблемадан Миссури штатының орталығы – Сент-Луис қаласы да құралақан емес-тін. Ал бұл геттолардың ішін бұзақылық, қылмыс, нашақорлық, маскүндемдік жайлағаны белгілі. Халық санитарлық талаптар сақталмаған, тәртіптен жұрдай, криминогендік ахуалы сын көтермейтін жағдайда өмір кешіп жатты. Тез арада шешім қабылдамаса болмайтын еді.

Соны ескерген АҚШ үкіметі 1949 жылы «Әрбір американдыққа лайықты баспана» дейтін бағдарлама қабылдайды. Бұл қазіргі біздің «қолжетімді баспанамызға» ұқсас жоба болатын. Осы бастамамен қанаттанған Миссури штатының билігі де бағдарламаны іске асыру арқылы кедейшілік атаулыдан мүлдем құтылудың қамын қарастыра бастайды.

Содан 1950-жылдардың басында штат билігіндегі шенеуніктердің басына «Егер үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға тегін үй үлестіріп, баспана мәселесін шешіп берсек, әрі қарай өздері-ақ адам болып кетеді. Сол арқылы кедейшіліктен де біржолата құтылып, әлем алдында беделіміз артады» деген тың «идея» келе қалады.

Көп өтпей айшықты ой іске асып, жапондық сәулетші Ямасакидің жобасымен Сент-Луис қаласының ортасынан қаңғыбастарға арналған тұрғын үй алабын салу жұмысы қолға алынды. Айта кетсек, аталған сәулетші кейін 2001 жылы террористер қиратқан Бүкіләлемдік сауда орталығының, яғни егіз ғимарат жобасының да авторы атанды.

Миссури штатының үйсіз-күйсіз жүрген тұрғындары сарыла күткен тұрғын үй алабы 1954 жылы салынып бітті. Көпқабатты 33 үйден тұратын заманауи ауданға Екінші дүниежүзілік соғыста батырлығымен көзге түскен қара нәсілді О.Прюитт пен Миссури штатының сенаторы У. Айгоудың фамилияларынан құралған «Прюитт-Айгоу» атауы берілді.

Тегін дүниенің қадірі бола ма?

Обалы не керек, Ямасакидің жобасымен тұрғызылған кешен шынымен-ақ тартымды да жанға жайлы жер болатын. Көпқабатты үйлердің айналасына демулаға арналған кішігірім саябақтар салынды. Жаңа ғимараттардың ерекшелігі – кейбір қабаттарында тұрғындардың өзара шүйіркелесіп, бірге уақыт өткізулеріне қолайлы етіп жасалған галереялар бар еді. Ал үйлердің бірінші қабаттарынан негізінен дүкен, кір жуатын, велосипед сақтайтын бөлме секілді тұрғындарға қажетті орындар ашылды. Бір сөзбен айтқанда, заманауи тұрғындарға қажетті нәрсенің бәрі болды.

Бұл жерден баспана алу үшін қойылған бір ғана талап – өзіңнің үйің де, күйің де жоқ көше кезген қаңғыбас немесе тақыр кедей екеніңді дәлелдеуің керек еді. Мұны естіген тұрғылықты жері жоқ адамдар, нашақорлар, маскүнемдер, жұмыссыз бұзақы, қарақшыларға дейін жиналып, бәріне бір-бір пәтерден үлестіріп берілді.

Бұл жағдай алғашқыда мұғалім, шахтер, дәрігер секілді табысы аз тұрғындардың ренішін де туғызыпты. «Біз маңдай терімізді төгіп, күні-түні азғантай ғана айлыққа еңбектеніп жүрміз. Ол ақша бір бөлмелі пәтерді жалдауға әрең жетеді. Осы жағдайымызды көре тұрып, қоғамға түк пайдасы жоқ қаңғыбастар мен кезбелерге осынша жағдай жасағандарыңыз қай сасқандарыңыз?» деп өкпе-наздарын жасырмайды олар.

Дегенмен, «кедейшілікті жоюдың жолы – тегін беру» деген ұстанымға мықтап бекінген штат билігі дегенінен қайтпай, геттоны жайлаған қарақұрым халықтың бәрін Прюитт-Айгоуға әкеліп жайғастырды. Қаланың шетіндегі қараңғы қапас, кір-қожалақ мекеннен айнадай жылтыраған, тап-таза су жаңа пәтерлерге топ ете қалған кедей-кепшіктер үшін өмір бір ертегіге айналып кеткендей көрінген…

Заманауи «гетто»

Бірақ… геттомен күресте жеңіске жеттік деп үміттенген билік өкілдерінің қуанышы аса ұзаққа созыла қоймады. Өйткені, «Маңдай термен келмеген дүниенің қадірі болмайды» деген ақиқат осы кезде өзін бар болмысымен анық көрсеткен еді. Бұрынғы қаңғыбастар баспанаға қол жеткізген соң, түзеліп, адам болудың орнына өздерімен пікірлес, ниеттес, пиғылдас адамдармен бас қосқасын одан әрі құтырып, ойларына келгенін жасай бастады. Олар бұрынғы қаңғыбастық өмір салтын жаңа қоныстарына да сол қалпында алып келген болатын.

Миссури билігі үміттенгендей, прюитт-айгоулықтар баспанаға қол жеткізгеннен кейін де жұмыс табуға асыққан жоқ. Олар ескі әдеттеріне басып, ұрлық, зорлық, қарақшылық жолмен ақша табу секілді «ата кәсіптерін» тастаудан бас тартты.

Бірнеше күн өтпей жатып, дүкен, қоймалардың, кіре-берістердің терезелері сынды. Шағын аудандағы аз санды ақ нәсілді тұрғындармен төбелес күнделікті әдетке айналды.

Көпқабатты үйлердің лифтілері қорқытып ақша тартып алу, қорлау мен зорлау орындарына айналып шыға келді. Бір жыл өткеннен кейін Прюитт-Айгоу тұрғындарының 5 пайызы ғана коммуналдық төлемдерді төлеп тұрды. Қалған 95 пайыз жұмыссыздар тегін келген баспанаға жарық пен су да тегін беріледі деп ойласа керек. Деректерге қарағанда, бұл жерден тек бірнеше отбасы ғана жұмысқа тұрып, адам қатарына қосылған. Бірақ, олар жағдайы күннен-күнге шиеленісіп бара жатқан Прюитт-Айгоудан басқа жаққа көшіп кетті.

Уақыт өте келе тұрғын үй алабында қылмыс пен тәртіпсіздіктің кең етек жайғаны сондай, оған енді полиция мен жедел жәрдем қызмектерлері де кіруден бас тартатын болды. Өйткені, өте қауіпті еді. Бассыздық әбден мойындарына мінген жабайы тұрғындар полиция көлігін көрсе, тас лақтырып қарсы алатын. Нәтижесінде аудан нағыз криминалды ортаға айналып, бұған дейін штат билігі кедейшілікпен күресеміз десе, енді «Прюитт-Айгоу проблемасымен» күресуге мәжбүр болған еді.

Содан 1970 жылы тұрғын үй алабы «апат аймағы» деп жарияланып, ол жердегі адамдарды біртіндеп басқа жаққа көшіру жұмыстары басталды. 1972 жылы аудандағы 33 көпқабатты үйдің біріншісі құлатылды. Кейін 1976 жылға дейін қалған 32 үйдің бәрі жермен-жексен етіліп, шағын аудан орны тақыр жерге айналды.

Миссури штатының басшылығы өз қолдарымен жасаған «проблемадан» осылайша құтылған еді.

«Былық-шылық – дәретханада емес, санада»

Әрине, бұл мақалада Прюитт-Айгоу мысалы мен біздің еліміздегі әлеуметтік жағдайды салыстырудан аулақпыз. Дегенмен де, осы оқиғадан Америка ғана емес, бәріміз де үлкен сабақ алуға болатындығын айтқымыз келді.

Орыс жазушысы Михаил Булгаковтың «Ит жүрегі» хикаясында профессор Преображенскийдің «Былық-шылық – дәретханада емес, санада» деген әйгілі сөзі бар еді ғой. Оның мәні – өмірдегі кез келген проблеманың түп-төркіні – адамның санасындағы проблеманың салдары. Ол адамға қанша жерден жағдай жасап берсең де, үлде мен бүлдеге орасаң да, санасында проблема бар адамның өмірі қиыншылықтан арылмайды. Басы былыққа толған адам айналасын да былықтырып жүреді. Сондықтан қоғамды түзеймін дейтін адам алдымен өзін тәрбиелеп алуы керек екен.

Бұл пәлсапаның халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына да тікелей қатысы бар. Әрине, мемлекет жағдайы мүшкіл, көпбалалы, мүгедек отбасыларға қол ұшын созуы тиіс. Бұл кез келген өркениетті елдің өз халқы алдындағы парызы.

Алайда, аяқ-қолы сау, еңбек ете алатын жастағы адамдарға тегін дүние беру халықты жатыпішер масылдыққа ұрындырады. Керісінше ол адамдарға кәсіп қылып, өз маңдай терлерімен ақша табуға жағдай жасалуы тиіс. Қазақтың «Балық берме, қармақ бер» деген даналық сөзі де осындай мағынада айтылған.

Ал егер он екі мүшесі сау бола тұра, өзін де, отбасын да асырай алмай жатқан адам болса, проблема – мемлекетте емес, оның өзінде. Яғни, ол жалқау деген сөз. Ал жалқау адамға қанша жерден үй берсең де, ақша берсең де, ол еңбекқор болып кетпейді және тегін келген дүниенің қадірін білмейді.

Біз Прюитт-Айгоу оқиғасын мысалға келтіре отырып, осындай ойды жеткізгіміз келді.

Ескендір ТАСБОЛАТ

KAZISLAM

Тағы да оқыңыз: