Kyzylorda-news.kz. Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында: «Бізге елімізді ғылыми – технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет.

Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» – деп айтқан болатын. Алдағы уақытта, демек, Қазақстан қоғамының дамуында, Қазақстан мемлекетінің нығаюында ғылымның маңызы арта түспек. Ғылымды дамыту үшін алдымен оған жағдай жасау керек, ғылым өкілдері – ғалымдарды мемлекет қамқорлыққа алып, олардың материалдық, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін марапаттау, ынталандыру тетіктерін ойластырмаса болмайды. Өкінішке орай, қазіргі жағдайда ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландырудың олқы тұстары жетерлік. 2019 жылдың 9-сәуірінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған сенатор Бақытжан Жұмағұловтың «Время определиться» деген мақаласында: Қазақстанда ғылымға 2015 жылы ішкі жалпы өнімнің 0,17%, 2016 жылы 0,14%, 2017 жылы 0,13% -ы бөлінгенін, ал дамыған елдерде Оңтүстік Корея, Германия, Бельгия, Австралияда ішкі жалпы өнімнің 2,3,4% дейін жұмсалатынын айтқан болатын. Президент Жолдауында жергілікті өндіріс орындары табысының 1% -н сол өңірдегі аймақтық жоғары оқу орындарына беру қажеттілігі айтылды. Бұдан университеттік ғылымды дамытуға жергілікті билік пен университет басшылығының бірлесіп атқаратын қызметтік міндеттері туындайды.

Президентіміздің 2020 жылғы жолдауынан кейін Үкімет ғылымды қаржыландырудың олқы тұстарына назар аударады деп үміттенеміз. Мемлекет басшысы өз сөздерінде, баяндамаларында әркез қоғам мен мемлекет даму үшін мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының жағдайларын жақсарту мәселесін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев мемлекеттік тілде зерттеу жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға басымдық беруге арналған нақты шаралар қабылдауды үкіметке тапсырған. Осы мәселелер биылғы Жолдауда да айтылып, Қазақстан Үкіметінің нақты міндеттері айқындалды. Алдағы уақытта қоғам өміріндегі басқа мәселелермен қатар, ғылымды қаржыландыру да дұрыс жолға қойылады деп үміттенеміз. 

  Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағы да оқыңыз: