Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы еліміздегі саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Осы Жолдаудағы ең басты саяси жаңалық, бұл Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесінің тұрақтылығын сақтаумен қатар, ішкі саяси сұраныстарға жедел әрі тиімді жауап беру мақсатында осы жылдың күзінде Президент сайлауын өткізу туралы жоғары деңгейдегі саяси шешім қабылдауы.

Қазіргі әлемде саяси өзгерістер көз ілеспес шапшаңдықпен өтіп жатыр. Сыртқы әлемде немесе ел ішінде болған кез – келген саяси өзгерістер оларға жедел әрі тиімді жауап беруді талап етеді. Сондықтан, Президент өзі атап өткендей, келесі жылдың ортасына дейін еліміздің жоғары саяси басқару жүйесі толықтай жаңартылуы тиіс. Сол себепті, осы жылы күзде Президент сайлауы өтетін болса, келесі жылдың көктемінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар сайлауы өтетін болады. Содан кейін барып, жаңа Үкімет құрамы жасақталатын болады.

Әрине, Президент сайлауы өткен соң, Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан, Үкіметтің жаңа құрамы неліктен Парламент Мәжілісі сайлауынан кейін жасақталатындығына да, Президент өз Жолдауында нақты жауап беріп өтті. Болашақта, Үкімет құрамында Парламент Мәжілісі сайлауында жеңіске жеткен барлық саяси партиялар өкілдерінің де болуы көзделуде. Әлемнің барлық өте дамыған демократиялық елдерінде Үкімет құрамы осылай жасақталады.

Қорыта айытқанда, Президент Жолдауы демократиялық әрі әділетті «Жаңа Қазақстанның» ауқымды саяси жоспары және еліміздегі саяси реформалардың жаңа кезеңге жол ашқан саяси құжат болды.

Алдаберген ЖОЛАНОВ, Арал аудандық қоғамдық кеңес төрағасы

Тағы да оқыңыз: