Kyzylorda-news.kz. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері тыл ардагері Ақжібек Найзағараеваны құрметтеп, құттықтады.

Жасы 90-ға таяп қалған Ақжібек әже Қызылорда қаласында тұрады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол мектеп жасына дейінгі бала болатын. Соған қарамастан, сұрапыл майданға аттанған отандық солдаттар үшін азық егіп, жинап, өңдеп, өзінің үлесін қосқан жан.

Ақжібектің әкесі Әбіш Ленинградтағы шайқасқа қатысқан майдангер. Бірнеше күн окопта жатып, жауды тосқан ол, өзінің полктастарымен бірге ондаған фашистің көзін жойған екен. Әжейдің айтуынша, Әбіш батырдың қолынан көптеген қарсылас солдат қаза тапқан. Бірақ, отаны үшін қан төккен ол өз дегеніне жете алмай, бір аяғынан айырылып, мүгедек болып туған елге оралған.

Туған өлкеде көз жасын төккен күйде екі қызын құшағына қысып қалған отанасы Әбіштің тірі оралғанына қуанып, күнінің соңына дейін жағдайын жасап, отбасын жалғыз өзі асыраған.

«Әкем бір аяғын тізеден төмен майданда қалдырып келді… Соған да тәубә дедік. Ал, інісі Адыран із-түссіз жоғалып хабарсыз кетті. Соғыстың құлақ жарардай дыбысы ұзақ жылдарға дейін құлағымыздан кетпеді. Оған қоса титтей болса да Адыран көкемізден хабар күтіп үмітімізді үзбедік…»,-деп қынжылады ақ жаулықты ана.

Бүгінде Ақжібек Әбішқызы сегіз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты «Алтын алқа» таққан Батыр ана. Ол шет тілі пәнінің мұғалімі Қожағұлов Айтжанмен бас қосып 40 жылға жуық Қызылорда қаласындағы тігін цехында тігінші болып жұмыс жасады. Әжей 19 немереден 40 шөбере сүйіп отырған бақытты қария.

9-мамыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында полиция қызметкерлері Ақжібек Әбішқызының үйі алдына гүлдер егіп, шаруашылығына көмек көрсетті.

Ардагердің қою шайынан дәм татқан тәртіп сақшылары соғыс туралы өз аузынан біраз деректерден тыңдап тәнті болды.

Полицейлерден сый-сияпат қабылдаған қария олардың жұмыстарына абырой мен табыс  тілеп, ризашылығын білдіріп ақ батасын жаудырды.

Тағы да оқыңыз: