Партия бастамасы: Игі дәстүр жалғасын таба бермек – Kyzylorda News
Басты бет

Партия бастамасы: Игі дәстүр жалғасын таба бермек

27.10.2021, 17:25

68 0

Kyzylorda-news.kz. Өмірді көрген өнегелі қарттардан жастардың үйренері көп. Халық арасында татулық пен бірлікті сақтап, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазыналы қарияларға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

«Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Аға ұрпаққа қамқорлық» бағытының мақсаты да сол болатын. Ел тәуелсіздігінің тамыры тереңге жайылып, әлем елдері алдында беделді ұлт болып қалыптасуы жолында жастық жігері мен еңбек жолын арнаған ардақтыларымызды құрметтеу – біздің ортақ міндетіміз. Оларға қолдау көрсету партия назарынан тыс қалмайды.

Партия «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында еліміздегі қарт адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін қолға алынған шараларға бастамашыл болды. Бүгінде әлеуметтік-медициналық мекемелерде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар жыл сайын зейнетақының базалық мөлшері көбейіп, оны зейнеткерлерге тағайындау жөніндегі барлық рәсімдер проактивті форматқа көшірілді. Барлық жалғыз басты және аса мұқтаж қарт азаматтарға атаулы көмек көрсетіледі. Аталған жоба аясында облыстық партия филиалы аймақ ардагерлерімен тұрақты кездесіп, олардың ұсыныстарын жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар уақытылы атқарылады. Мұндай шаралардан облыстық мәслихаттың депутаттары да қалыс қалмайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидалар жиынтығын ұсынды. Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар жиынтығында «Қай кезеңде де біз үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет» деген Елбасы салт-дәстүріміз ұмытылса ел болып қалуымыз екіталай екенін баса айтты. Бұл еліміздің ертеңгі келбеті отбасынан бастау алады деген сөз. Әрбіріміздің шаңырағымызда тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың санасына үлкенді құрметтеу, аға буынға қамқорлық таныту сынды салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сіңіруіміз керек.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

Қызылорда облыстық мәслихат депутаты,
«Nur Otan» партиясының мүшесі