Kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік желіде підия садақасына байланысты біржақты пікір айтылуда. Осыған байланысты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әзірлеген материалды назарларыңызға ұсынамыз.

Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «підия» деп аталады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек» («Бақара» сүресі, 184-аят), – деп бұйырған.

Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және өмір бойы ауыратын созылмалы дерті бар адамға ораза ұстамауға рұқсат етіледі (Радду әл-мухтар, 3/410. Абдулхамид Махмуд Туһмаз, әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид, 1/442). Мұндай топтағы адамдар оның орнына підия садақасын береді.

Підия садақасы – ол бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның ең аз мөлшері биыл 3000 (үш мың) теңге деп белгіленді. Өйткені, барлық облыстардан алған мәліметтер бойынша, бір адамның ең төменгі бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 1500 теңгеге тура келді.

Бұл садақаны халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына, хәлі нашар мүгедек жандарға үлестірген абзал. Бекітілген підияны (3000 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (500 теңге) підия берсе де болады. Оған да жағдайы келмесе – беру міндет емес. Шамасы келмеген кісі Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етеді.

Підияны бірден Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Сондай-ақ бір айдың підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп берсе, оның оқасы жоқ.

Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген підиясы жәй садақаға айналады. Яғни, ол адам бұрынғы оразалардың қазасын өтейді («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/270). Өйткені, підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өмірінің соңына шейін жалғасуы шарт.

Егер ораза ұстаған адамның ауру, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін рамазан айынан кейін толтырып береді. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға дейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны Рамазан айынан кейін өтейді.

Ағабек Қонарбайұлы

Тағы да оқыңыз: