Kyzylorda-news.kz. Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының жарылуы салдарынан аталған көршілес ел мен Қазақстанның оңтүстік өңіріне үлкен зиян келді. Бұл жағдайдың Қызылорда облысына әсері қандай? Сырдария арқылы келетін су мөлшеріне ықпалы бар ма?, деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Осы орайда «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруа­шылығы инспек­циясының басшысы Әділхан Қарлыхановтан мән-жайды білген едік. Инспекция басшысы ешқандай алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты.

«Сардоба»  – Сырдария өзенінің бойында орналасқан су қоймасы емес. Оған жиналатын судың аздаған мөлшері ғана дариядан алынады. Сондықтан алдағы уақытта біздің облысқа дария арқылы келетін су деңгейі төмендеп кетуі мүмкін деген болжам мүлдем негізсіз. Қазір «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде қажетті су мөлшері жинақ­талуда. Бүгінде «Шардарада» 4,8 млрд, «Көксарайда» 1,6 млрд текше метр су бар», – деді Ә.Қарлыханов.

Биыл мамандар тарапынан дариядағы су мөлшері төмен болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл бағытта облыста тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр.

Қолдағы мәліметтерге сү­йен­­сек,  «Сардоба» су қойма­сы 2010-2017 жылдар ара­лы­ғында салынған. Ол 922 миллион текше метр суды сыйды­ра алады. Биіктігі – 28,8 метр. Апат су қоймасындағы бөгет­тің бұзылуынан басталған. Бө­­ге­ттің бұзылуына қатты жел мен нөсер жауын себеп бол­ған. Апаттың салдарынан Өзбекстанның көптеген елді мекендеріне елеулі зиян келген. Мұндай жағдай еліміздің Түркістан облысындағы Мақ­тарал ауданына қарасты 10-нан астам ауылында да орын алды. Көптеген тұрғын үйлер су астында қалды. Егістіктерді де су басып, төрт түліктен де шығын келді.

Тағы да оқыңыз: