Kyzylorda-news.kz. 26 қараша күні Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтың әл-ауқатын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті және тілшілердің сұрағына жауап берді. Осы ретте облыс әкімі жақында қабылдауында тіл жанашыры, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегінің болғанын, оның орынды ұсыныстарын қаперге алатынын айтты. Сонымен қатар бүгінге дейін қоғам белсендісі қала әкімдігіне барғанда маған жүйке-психиатрлық диспансерінен дәрігерлер шақырды деп жазғырған Павлодар қаласы әкімінің бұрынғы аппарат басшысы осы жағдайда орай Қайыржан Оңғаров қызметтен босатылғанын айтты. Алайда экс-аппарат басшысы бұл ақпараттың растығын жоққа шығарды.

“Шындығында, тамыз айында қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі  қалалық әкімшілікке келіп, фойеде тұрған уақытта өзін нашар сезінетінін айтқан. Сол сәтте кадр қызметіндегілер оған жедел-жәрдем қызметін шақырған. Осы жағдайдан кейін мен ол кісімен сөйлесуге шықтым, оған дейін Руза апайға жедел-жәрдем қызметі шақырылғаны жөнінде хабарым да болмады. Алайда тіл жанашыры бұл ақпаратты бұрмалап, сол күні фейсбук әлеуметтік желісіне мені жүйке-психиатрлық диспансерінің дәрігерлерін шақырды деп жазған. Сонымен қатар, бұл оқиғаның менің қызметтен кетуіме ешқандай қатысы жоқ. Себебі бұл жағдай тамыз айында болды, ал мен жұмыстан жаңа қызметке ауысуыма байланысты 9 қараша күні өз өтінішім бойынша кеттім. Қажет деп тапсаңыздар, бұл деректі дәлел ретінде көрсете аламын”, – деді Қайыржан Оңғаров.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге мүдделі азамат ретінде ана тілі – қазақ тіліне қашанда құрмет білдіреді. Мемлекеттік тілге жанашырлық танытып, оның қолдану аясын кеңейткісі келетін азаматпен ұстанымы бір, мақсаты ортақ. Сондай-ақ ол бүгінге дейін қабылдауға түрлі өтінішпен келген азаматтарға әрдайым ашық қызмет көрсетіп келгенін және әрбір азаматтың талап-тілегіне аса ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен қарағанын айтады.

Айта кетерлігі, Қайыржан Оңғаров бүгінге дейін түрлі жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Негізгі мамандығы – заңгер.

P.S. Сондай-ақ Қайыржан Оңғаров осы тақырып бойынша пікір алғысы келетін журналистерге ашықтығын білдіргісі келеді. Байланыс нөмірі: +7 701 999 96 35

Суретте Павлодар қаласы әкімінің бұрынғы аппарат басшысы Қайыржан Оңғаровтың жұмыстан өз еркімен кеткендігі жөніндегі өкім көрсетілген.

Тағы да оқыңыз: