Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустың ықтимал екінші кезеңіне дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізгені белгілі. Бұл бізді де ойлантпай қоймады. Расында көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын вирус менменсіп кеткен адамды тәубесіне түсірді. Енді арқаны кеңге салып, алаңсыз жүретін кез емес. Сақтанбасаң сан соғасың. Өзің ғана емес жақындарыңа вирус жұқтырып, арты өкінішке ұрындыруы әбден мүмкін.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші күнделікті қарапайым сақтық шараларын ұстану – төнген қатерге қалқан болады. Қынжылтатын жағдай тұрғындардың осыны ескере бермеуінде. Коронавирусқа қарсы тұрудың бір жолы – жеке бас гигиенасын сақтап, көпшілік орындарда карантин режимін қатаң ұстануымыз. Алайда тұрғындар өршіп келе жатқан вирустың қауіпті екенін қаперіне алар емес. Қайта індет іргені тіреп тұрған тұста тұрғындардың үй ауласында жиын өткізіп жатқаны алаңдатады. Яғни, келін түсіріп, қыз ұзатып, құда күтушілер тыйылмай отыр. Қауіпті дерт арамыздан орны бөлек ел ағаларын алып кеткені де ел есінде. Көптеген отбасы орны толмас қазаға әкеліп соғып, бірінен-соң бірі қара жамылып жатты. Арасында небір жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз да бар еді.

Енді етек жеңімізді жинап жауапкершілікті сезініп, дәстүрге түсіністікпен қарап, одан да маңызды адам өмірі екеніне көңіл бөліп, ұлт болашағына үлес қосуымыз қажет. Сондықтан сақтық шараларын ұстанып, тіпті мұндай дәстүрден уақытша бас тартқанымыз абзал. Сонымен бірге қазір көпшілік жиналған жерде немесе қоғамдық орындарда бетперде тақпақ түгілі, антисептик қолданып жүргендерді сирек байқаймыз. Құдды бір қауіпті індет енді қайтып келмейтін сыңайлы. Әрине, келмегені жақсы. Ал егер орын алған жағдайда әу бастағыдай опық жеп қалмайық. Қанша түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, ертеңіне алаңдайтын тұрғындардың аздығы көңілге кірбің ұялатады.

Даңқты батыр Б.Момышұлы айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші сақтық шараларын назарымыздан бір сәтке де шығармайық.

Нұргүл ҰЗАҚБАЕВА,

Арал ауданының тұрғыны

Тағы да оқыңыз: