Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының мемлекеттік архиві шын мәнінде болашақ ұрпақ үшін қызмет етеді. Бүгінгі күні Сыр бойы халқының жүріп өткен жолына тарихи тұрғыдан баға беретін құжаттар дерегі сақталған киелі орын.

Болашақ өмір мен ұрпақ жалғастығы бабалар тарихынан, парасатты пейілдерінен нәр алып заманаларға сабақтасып келеді. Архив қорындағы құжаттар арқылы Қазақстанда орнаған кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы келеңсіз, әділетсіз оқиғалар жан-жақты зерделеніп, көптеген тарихи деректер өткен тарихимыздың ақтаңдақ беттерін терең және тура түсінуге жол ашты.

ХХ ғасырда қазақ халқының басынан кешірген ең бір зұлмат бұл аштық, жаппай ұжымдастыру, бас көтеріп ұлтының жоғын жоқтап мұңын мұңдаған елінің ертеңі үшін тірек болар ел азаматтарының жаппай жаладан тұтқындалып, қуғын-сүргінге ұшырауы.

Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин (1925-1932жж) елді индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын қарқынды жүргізді.

Қазан төңкерісінен үлкен үміт күткен қара халық Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранымен қазақ даласындағы кіші революция жүргізуінің құрбаны болды. Халық саны күрт кеміп, демографиялық өсіп-өнуіміз тежелді. Ең бастысы өршіл халықтың сағы сынды. Бүкіл Қазақстан аумағын қасірет жайлаған осы жылдар тарихта «Нәубет жылдары» деп аталды. Осы уақыт аралығында қазақтардың 42 пайызы ашықтың құбаны болды.

1920 жылы мал саны 40 миллион болса, арада 3 жыл өткенде 4 миллионы ғана қалуы осының дәлелі еді. Елдің күн көрісі болып отырған сауын сиыры мен артып мінер қыл құйрықтының, кисе киім, жесе жеңіл тамағын айырып отырған аша тұяқ ұсақ малы ортаға түсіп, тоқырлатып айдап кеткенде, «Елім-айлап» жылаған босқындардың бұратылып қалғаны ақиқат.

Аштықтан аман қалу үшін жерлестеріміз үдере көшіп, ел ауып кетті. Архив қорында 1933 жылы 15 сәуірде Тәжікстан Республикасы Исфара ауданы Лекан колхозының тұрғындары атынан Төлебай Қисықовтың жазған хаты сақталған. Бұл хатта «Біз, Қызылорда ауданы 2-ші ауыл тұрғындары, 1932 жылы аштықтан отбасымызды, балаларымызды аман алып қалу үшін Тәжікстанға үдере көштік, енді туған жерімізге қайта оралып, еңбек еткіміз келеді, бірақ қайтуға қаражатымыз жоқ. Сондықтан Тартоғай стансасына дейін пойызбен жетуге қаражат берсеңіздер. Барлығымыз 30 отбасы, 810 адамбыз»,- делінген.

Одан кейін ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін жылдары, сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылды. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен.

1937-1938 жылдары «Троцкийшіл-Бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпиондарына қарсы күрес» деген желеумен Қазақстанның көптеген партия-кеңес, комсомол, кәсіподақ қайраткерлері, ақын-жазушыларымен қатар қарапайым жұмысшы-шаруаларға әртүрлі айыптар тағылып, қуғын-сүргінге ұшырады немесе атылды.

Алаш елінің көзі ашық біртуар ұлдары қызыл империяның құйтыртқы саясатына қарсы тұрып, қара халықтың санасын оятуға күш салғаны белгілі.
1925-1928 жылдары алғашқы астана Қызылорда – Алаш ардақтылары Қазақ халқын әлеуметтік теңдікке, азаматтық мәдениетке жеткізетін, амал-әрекеттің бастысы «түгел қазақты» сауатты етіп, көзін ашу, «надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» деп түсінген ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының; қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы, тілші, ғалым – Шонанов Телжанның; қазақ филологиясы ғылымының тарихында «профессор» атағын алған Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың; Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, қаламы қарымды сыншы, көсемсөз иесі Темірбек Қараұлы Жүргеновтың; жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ғибратты өмір жолының бір үзігіне айналған.

Одан кейінгі жылдары жоғарыда аты аталған Алаш азаматтарының тағдыры қитұрқы саясаттың салқынына ұшырады. Бұл кісілер 1937-1938 жж. «халық жаулары», «буржуазия өкілдері» деген жалған жаламен қуғындалды, атылды.
Бұл кезеңде төрелік айту билігі қанды қол «Үштіктің» басқаруымен жүргізілді.
Архив қорында сақталатын Облыстық прокуратура құжаттарында 1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргінде айыпталып, 1956 жылы ақталған азаматтардың істері кездеседі. Солардың ішінде үш азаматтың айыпталуына «алашордалықтармен» байланысы бар, контревалюциялық ұйымның мүшесі және жапон шпионы деген кінәлар тағылған екен. Олар Шиелі ауданының тумасы, сауатты азамат Қоңыратбаев Қалжан, Қармақшы аудандық мал азығын дайындау мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарған Шахаров Мырзақұл және Арал параходшылығы бастығының көмекшісі қызметін атқарған Цой Шен Хак.
Қоңыратбаев Қалжан атақты ғалымдар Әуелбек және Әлібек Қоңыратбаевтардың бауыры. Қоңыратбаевтар әулетінің үш азаматы да жазықсыз жапа шегіп, Кеңес органдары тарапынан қудалауға ұшыраған.

Алаш ардақтыларын ашық қолдап үн қосқан Сыр елінің азаматы Көлжан (құжатта осылай) Қоңыратбаев 1877 жылы Шиелі ауданы, «Қызыл-Ту» колхозында дүниеге келген, сауатты. Өкінішке орай Оңтүстік Қазақстан облысында НКВД – ның үштігі 1937 жылы көктемгі егіс жұмыстарына зиянын тигізді деген жаламен және алашорданың «Ақжол» газетінің таралуына көмектесіп, алашордалықтардың мақалалары мен әндерін насихаттағаны, Сұлтанбек Қожановпен тікелей байланыста болғандығы үшін айыпталып, ұлтшыл-алашордалық деген ат тағылғанын көруге болады. Бірақ тағылған жалалы айыптардың негізсіз екендігі дәлелденіп, 1956 жылы ақталды. Асыл азамат жалалы айыппен концлагерде 10 жыл жазасын өтеді. 3

Ал, Қармақшы аудандық мал азығын дайындау мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарған Шахаров Мырзақұлдің ісінде Кеңес Үкіметіне қастық жасау әрекетімен астыртын контревалюциялық ұйымның мүшесі болғандығы, колхозшыларды қыс мезгілінде елді мекеннен тыс жерде канал қазуға мәжбүрлегені, 1936 жылы ерте көктемде тоң жерге дәнді дақылдарды еккізіп соның кесірінен астық түсімінің төмендеуіне әкеліп соққаны үшін айыпталғаны айтылады. Бірақ тағылған айыптардың негізсіз екендігі дәлелденгенмен, олардың кейінгі тағдырлары белгісіз.

НКВД-нің ерекше үштігінің шешімімен тағы да бір азамат, ұлты кәріс – Цой Шен Хак –тың өмірі ойран болды. Ол 1900 жылы Янгиха ауылы Лосъет ауданы Пример облысында дүниеге келген. Тұтқындалғанға дейін Арал параходшылығы бастығының көмекшісі қызметін атқарған.1922 жылы Читадағы жапон консулы Сотоның тапсырмасымен Ленинград қаласындағы әскери училищеге шпиондық әрекеттерімен кіріп, сол оқу орнын бітіріп шыққаны айтылған.Ол өзі аталмыш оқу орнында оқып жүргенде, Амурдағы әскери теңіз флотында қызмет істеп жүріп, құпия мәліметтерді жапон консулдығына хабарлап отырды деп айыпталған. Бірақ тұтқындалушының күштеп мойындағанынан басқа ешқандай дерек көздері табылмаған.

«Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Деректерге қарағанда Қызылорда облысынан 7 мыңға тарта жазықсыз адамдар қуғын-сүргін азабын тартқан.
Сонымен қатар, жазықсыз жала жабылып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған азаматтардың жан айқайы, Отан алдында, халық алдындағы өздерінің адалдықтарын дәделдей алмай, жала жабылып сотты болған, кейін өздерін ақтау туралы 1956-1957 жылдары КСРО бас прокурорына жазған өтініштері де сақталған.

Мәскеу. КСРО-ның Бас Прокурорына
Қызылорда қаласы. Завод көшесі №109 үй тұрғыны Дохненко Геннадий Петровичтен

ӨТІНІШ

1948 жылы 20-қазанда мен Қазақ КСР-ы Қызылорда облысының жергілікті қауіпсіздік басқарма органдарымен тұтқынға алындым, 1949 жылы 3(6) қаңтарында Қызылорда облыстық сотының РКФСР (ресей кеңес федеративтік социалистік республикасы) қылмыстық кодексінің 58 баптың
10 тармағы бойынша сотталып, 10 жыл мерзімге ЕТЛ-не (еңбек түзету лагеріне) жіберілдім, 5 жыл мерзімге сайлау құқығынан шеттетіліп, Қазақ КСР Ақтөбе қаласы Алға қыстағында, кейін Қиыр Шығыстағы «Советская Гавань» қаласы «ЕК» ЕТЛ-де және Хабаровск өлкесі Ванико портында мерзімімді өтедім. 1954 жылғы 10 тамыздағы Хабаровск өлкелік сотының тұрақты сессиясының анықтауы бойынша 1954 жылы 25 тамызда мерзімінен бұрын босатылып, Қызылорда қаласына келдім. 1954 жылдың 20 қыкүйегінен 1956 жылға дейін «ОБлМетТопПром» құрылысында прораб-құрылысшы және инженер-құрылысшы ретінде жұмыс істеп, зейнетке шықтым.1949 жылы 8-9 қаңтарда жіберілген менің өтінішімнің қаралмай қалуына байланысты, жеке ісіммен толық танысып, қайта қарауды сұраймын. Іс негізінен менің «халық көсеміне жала жапты» деген кінәмен және қол астымда жұмыс істейтін бір адамның жалған құпия өсегі негізінде қозғалған. Мен тұтқындалғаннан кейін МГБ тергеу органдарымен маған 58 баптың 7,10, 11 тармақтар бойынша жала жабылып, олардың екеуі (7,11 тармақтар) қылмыстық құрамы жоқтығына байланысты алынып тасталды.

58 баптың 10 тармағы бойынша тағылған айыппен мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімдегі бүкіл еңбек жолымда өзімнің Отаным үшін адал еңбек еттім. Кеңес үкіметіне қарсы ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген емеспін.
Менің ісімді қайта қарауды және ақтауды өтінемін.

Дохненко Геннадий Петрович 14.10.1956 ж.

Москва қаласы. КСРО-ның Бас Прокурорына
Қазақ КСР Қызылорда облысы Арал қаласы
Дзержинский көшесі №16 үй тұрғыны Кузнецов Александр Федоровичтен

ӨТІНІШ

Мен 1906 жылы Астрахан облысы Тишков селосы балықшы жанұясында дүниеге келдім. Ауыл мектебінде 5 жыл оқып,білім алғаннан соң, әкеммен бірге Каспий теңізінде балық ауламен айналыстым. 1928 жылы Волга-Каспий Госрыбтресінің Тумак балық кәсіпшілігіне балықшы-аушы болып орналастым, мұнда 1930 жылға дейін жұмыс істедім. 1930 жылы мен Арал теңізіне қарасты Аралгосрыбтресінің «Авань» балық зауытында балық өндіру бойынша нұсқаушы қызметіне тұрып, осы жерде 1932 жылға дейін істедім. 1932 жылы мені осы зауыттың директорының көмекшісі лауазымына ауыстырды. 1933 жылдың басында мені осы Аралгосрыбтресінің «Сарабасат» шағын балық зауытының директоры лауазымына ауыстырды.

1934 жылы балықты өндіру мен өңдеудегі жоспарды табысты орындағаным үшін мені бұрынғы, ірірек «Авань» балық зауытының директоры лауазымына тағайындады. Балықты өңдеу мен өндіруді асыра орындағанымыз үшін 1935 жылдың аяғында бұдан да ірі балық зауыты «Ұзын-Қайырға» директор қызметіне ауыстырылдым. Өткен жылдардың балық өңдеу және өндіру жоспарлары негізінде 1936 жылы «Ұзын-Қайыр» балық зауытының балық өндіруі 29000 центнерге жоспарланды, іс жүзінде 52000 центнерге орындалып, 180 пайызды құрады.
1937 жылы 22 сәуірде мені Арал аудандық НКВД бөлімінің уәкілімен тұтқынға алынып, 10 күннен кейін Ақтөбе облысының НКВД облыстық бөліміне жібердім. Маған «Аралгосрыбтрест» мекемесіндегі контрреволюциялық, зиянкес диверсиялық ұйымның мүшесі деген айып тағылды. Мұндай ұйым туралы ешқандай түсінігім болмағандықтан, мен жала жабу сипатындағы құжаттарға қол қоюдан бас тарттым. Тергеу мерзімі біржақты және әділетсіздікпен 8 ай уақытқа созылды.

Әділетсіз айыптауларға қарсылық білдіре отырып, маған екі рет аштық жариялауға тура келді, бірақ бұл менің тергеу ісімді сәл ғана баяулатты.
1937 жылы 10-желтоқсанда мені өзге де сотталғандармен бірге Ақтөбеден Углич қаласына жөнелтті. 1937 жылы 17-желтоқсанда Углич қаласына келгеннен соң, маған Ақтөбе облыстық НКВД үштік сотының сыртымнан шығарған үкімімен РСФСР УК 58-баптың 7-9-10-11-тармақтары бойынша 10 жылға сотталғандығымды және мерзімді еңбек түзету лагерінде өтетінімді хабарлады. Нәтижесінде мен 58-баптың контрреволюциялық екенін, ал 7-зиянкестік, 9-диверсия, 10-үгіттеу, 11-ұйымдастыру тармақтары екенін кейіннен білдім. 1937-1942 жылдарымен Углич қаласындағы НКВД еңбек-түзету лагерінде болып, Углич ГЭС құрылысында істедім. Құрылыс біткеннен кейін мені Нижний Тагил қаласындағы лагерге әкеліп, онда мен Ново-Тагиль металлургиялық комбинатындағы құрылыста 22.04.1947 жылға дейін жұмыс істедім. Осы жылы лагерден босатылып, Арал қаласындағы балық өнеркәсібі флотына жұмысқа орналасып, халқыма қызмет етіп келемін.

Табиғатымнан теңізші және балықшы болғандықтан, жұмысымды жақсы көремін. Лагерден кейінгі 10 жыл бойы жұмыс істеген уақытымда мен бірнеше алғыс хаттармен және 2 мақтау қағазымен марапатталдым.

Міне 3 жыл болды «Аралрыбвод» флотының капитанымын, ұжым және әкімшілікке беделдімін.. Менің әйелім Арал портында бухгалтер болып істейді. Біздің 6 жасар ұлымыз бар, қазір біз өз өмірімізге ризамыз және бақыттымыз. Бұл үшін біздің партиямызға, Үкіметімізге шын жүрегімізбен алғыс айтамын.
Менің жасым қазір 51-де, зейнетақыға шығатын уақытым таяу, ал менің 10 жылдық еңбек өтілім менің жазықсыз қамауда болуыма байланысты есептелінбейді, сондай-ақ соттылықтың лайықсыз және жағымсыз көлеңкесі ащы жазғыру сияқты менің өзімді КСРО-ның толыққанды азаматы ретінде сезінуіме мүмкіндік бермеуде, мұны мен 6 жасар ұлымнан жасыруға мәжбүрмін. Мен өзімді кінәсіз санаймын және санап келемін. Мен ешқашан ешқандай ұйымға мүше болған емеспін және үкіметке қарсы шыққаным жоқ. Бұлай жасауға менің отансүйгіштігім, ұлы Отаныма деген сүйіспеншілігім, ар-намысым жібермейді.

Жоғарыда айтылған шынайы сөздерімнің негізінде, Сізден 1937 жылы сырттай соттаған істі қайта қарауыңызды, Қазақ КСР Ақтөбе облыстық НКВД үштік сотының әділетсіз үкімін жоюыңызды және мені ақтауыңызды, сонымен қатар өзімді Ұлы Отанымыздың толыққанды азаматы санауыма мүмкіндік беруіңізді сұраймын.

Менің өтінішімнің нәтижесі туралы хабарлауыңызды сұраймын
/Кузнецов/ Арал қаласы 19.02. 1957 жыл.

Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне тү¬сіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, ту¬ған жерлерінен аяусыз айдалып, түр¬мелерде жазықсыз көз жұмды. Жоғарыда келтірілген фактілер сол зұлмат тарихтың бір парағы.

Еліміз тәуелсіздік жариялап, ес жиып, көш түзегеннен кейін өткен жолымызға бағдарлап қарап, халыққа жасалған қиянаттардан, адамдарға тағылған жазықсыз жаладан тазару басталды. Қуғын−сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге байланысты және саяси қуғын-сүргін құрбандарына тигiзген моральдық және материалдық залалды өтеудi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңды қабылдады.

1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығының шығуы да қоғам өміріндегі аталмыш тақырыптың орнын көтеріп, өзектілігін анықтап берді. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парызы.

Жанат АЛТЫНБАЕВА

Қызылорда облысының мемлекеттік

архивінің бөлім басшысы

Тағы да оқыңыз: