Kyzylorda-news.kz. Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл толып отыр. Туған жері үшін қан майданда ерлік көрсеткен қазақ батырларының есімі мәңгі ел есінде қалады. Солардың бірі – Санияз Ибрашев.

Санияз Ибрашев 1911 жылы Арал ауданы Қасқақұлан ауылында дүниеге келген. Осы жерде 7 жылдық білім алған.

Соғысқа дейінгі жылдары Гурьевтегі (қазіргі Атырау қаласы) оқу комбинатында шаруашылық жетекшісі ретінде оқу курсында оқып, оны 1936 жылы бітіреді.

Еңбек жолын балық шаруашылығы саласында бастап, біршама уақыт жұмыс істейді. Еңбек екпіндісі ретінде Куйбышев, Астрахань қалаларында (Ресей) жолдамамен саяхаттарда болған.

Ел еңсесін енді тіктеп келе жатқанда тосыннан Ұлы Отан соғысы басталып кетті. 1942 жылы Санияз Ибрашевқа Арал аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, бір топ аудан азаматымен бірге майданға аттанады. Қазақстаннан алынған жауынгерлер алдымен әскери дайындықтан өтеді. Жауды бірден жапырып тас-тайтындай леппен аттанған жігіттерді Курск түбіндегі қиян-кескі шайқасқа алып келеді. Осылайша С.Ибрашев 1943 жылы Курск доғасындағы әйгілі шайқасқа қатысады.

От пен оқты көрген қазақ жауынгері 1944 жылы №264 атқыштар дивизиясының құрамында КСРО жерін азат ету жорықтарына қатысып жүргенінде снаряд жарқыншағынан ауыр жараланады. Сол қолына тиген жарықшақ оны госпитальдан бір-ақ шығарады. Медициналық қорытынды бойынша елге оралуына тура келеді.

Жауынгер Санияз Ибрашев ұрыс даласындағы ерлігі үшін «Ұлы Жеңіс үшін», «Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Соғыстан кейінгі бейбіт уақытта да ол Арал аудандық орман шаруашылығы мекемесінде ұзақ жыл орман қорғаушы инспектор болып жұмыс істеді. Төсіне «Еңбек ардагері» медалін тағып, құрметті еңбек демалысына шықты. Сондай-ақ, «КПСС қатарында 50 жыл» төсбелгісінің иегері. Соғыс және еңбек ардагері Санияз Ибрашев 1991 жылы 80 жасында дүниеден озды.

Тағы да оқыңыз: