Kyzylorda-news.kz. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл – 32 жыл. Осыған орай Қазалы ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиын өтті.

Аталған шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тыныштық пен бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі үшін интернационалист жауынгерлерге жылы лебіздерін білдірді.

Аудан басшысы сонымен қатар биыл «Тәжік-Ауған» әскери қақтығысының аяқталғанына 20 жыл толғанын айтты.

«1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-Ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан. Бүгін айтулы датаға байланысты Ауған соғысы ардагерлерімен бірге «Тәжік-Ауған» қақтығысына қатысушы ардагерлерімізге де құрмет көрсетуді жөн көрдік.Тәжікстанда Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ тасып, шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізіліп, қақтығыс аймағында 35 қазақстандық сарбаз қаза тапқан.

Жалпы аудан бойынша «Тәжік – Ауған» қақтығысына 27 қазалылық аттанып, 1 азамат Тәжік даласында қаза тапты. Ал, 3 жерлесіміз елге келіп қайтыс болды. Қазіргі таңда 23 азамат ортамызда жүр», – деді.

Мұнан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Тәжік – Ауған» әскери қақтығысына қатысқан бірқатар қазалылыққа 20 жылдық мерекелік медаль мен «Алғыс» хатты табыстады.

Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановжәнеауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Одағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Әлиев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Ал, «Тәжік-Ауған» әскери қақтығысы ардагерлерінің Қазалы ауданы бойынша төрағасы Руслан Баймбетов бірқатар ардагерлердің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Тағы да оқыңыз: