Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аудан басшысы алдымен Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Даңқты қолбасшы Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына орай ауданда еңселі ескерткіш салынып жатыр. Қазіргі таңда ескерткіштің айналасы абаттандырылуда. Абаттандыру жұмыстарын Әбдімәлік Өтеулі басқаратын «Намыс құрылыс» серіктестігінің құрылысшылары жүргізуде. Бүгінгі күні абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ол үшін қажетті құрылыс материалдарының көп бөлігі осында жеткізілген.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшылары мен «Намыс құрылыс» ЖШС директорына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды.

Аудан басшысы мұнан соң қала мен кенттің екі аралығындағы көпірге арнайы барып, асфальттау жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мердігер мекеме жолдың үстіне қара қиыршық тас төсеп жатыр. Осыған дейін аяқталуы тиісті жұмыс белгілі себептерге байланысты тоқтап қалған.

Мұхтар Әуесұлы тиісті сала басшылары мен мердігер мекеменің жауапты қызметкерлеріне көпір үстіндегі жолды жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласында газдандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің жауапты қызметкері Бауыржан Еркебаевпен кездесті.

Кездесуде жылдың аяғына дейін Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын аяқтап, тұрғын үйлерге табиғи отынды кіргізу жөнінде сөз болды.

Мердігер мекеменің жауапты қызметкері Бауыржан Еркебаев Қазалы қаласында құрылыс жұмыстары бітуге жақын қалғанын жеткізді. Қазіргі таңда көптеген көшелердің жұмысы аяқталып, газ желілерін ауа қысымымен үрлеп тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын биыл аяқтауға күш салу қажеттігін айтты.

Тағы да оқыңыз: