Kyzylorda-news.kz. Тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Ғанибай үйі. Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен бұл ғимаратқа реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев керуен сарайына арнайы барып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Мұнан соң қайта қалпына келтірілген ғимаратты пайдалану қажеттігін айтты.

“Аудан тарихы үшін маңызы жоғары мұндай ғимаратты біз пайдалануымыз қажет. Бұл нысан кімнің меншігінде? Ұсыныстарыңызды беріңіздер. Біз қолдан келгенше қолдап, көмектесуге әзірміз”, – деді Мұхтар Әуесұлы.

“Бұл ғимарат Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің меншігінде. Қазіргі таңда бұл мектепте акт залы, асхана сияқты бірнеше бөлмелер жетіспейді. Соған байланысты ұсыныстарымызды береміз”, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов.

“Бөлмелердің қабырғасы теп-тегіс етіп сыланып, төбесі де жақсы жабылған. Енді ғимаратқа жылу кіргізіп, жарығын жүргізіп, есік-терезесін салып, қабырғасын әдемі етіп бояса, пайдалануға дайын тұр”, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларына ғимаратқа жылу, жарық және тағы басқа жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны есептеп, қаржыландыруға ұсыныс беруді тапсырды.

Мұнан соң аудан басшысы Ғанибай мешітіне барып, ғимараттың жай-күйін көзбен көрді. Қазіргі таңда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгерімінде тұрған нысан бос тұр. Сондықтан болар, ғимараттың жағдайы азып барады.

Осыған орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалалық жастар ресурстық орталығына беруді тапсырды. Ол үшін алдымен тарихи маңызы бар нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

“Ғанидың ізбасарлары саналатын аудан жастары өте белсенді. Оның ішінде Қазалы қаласында шығармашыл, талантты жастар жетерлік. Олардың бірі әуелете ән салса, енді бірі мың бұрала би билейді. Он саусағынан өнер тамған ісмер, шеберлері де баршылық. Сондықтан олардың басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастыратын орын өте қажет. Жастарға осы ғимарат лайықты деп ойлаймын. Сондай-ақ, қаладағы ақсақалдар үшін де бұл жерден орын табылады”, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Тағы да оқыңыз: