Мұхтар Ниязов жемқорлық тақырыбындағы онлайн айтыста бақ сынайды – Kyzylorda News
Басты бет

Мұхтар Ниязов жемқорлық тақырыбындағы онлайн айтыста бақ сынайды

07.04.2020, 9:20

873 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен агенттік жанындағы Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың бастамасымен онлайн айтыс ұйымдастырылады. Бұл туралы аталған агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сайысқа өңірлерден 16 суырып салма ақын қатысады, олардың ішінде Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Сырым Әуезхан, Данияр Алдабергенов, Жұлдызай Маратбекова секілді халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар.

Байқаудың тағы бір ерекшелігі – сайыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналады.

«Өзекті мәселелерді өлеңмен көпшілік алдында айту біздің елдің ежелгі дәстүрі. Біз қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеуді дәріптеу үшін ең тиімді мәдени құрал ретінде айтысты пайдалануға міндеттіміз», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Жалпы карантин кезеңінде онлайн режимде хабар таратудың шектеусіз қолжетімділігі арқылы барлық халық қамтылады деп күтілуде. Жарыс 9 сәуірде, қатысушылардың жеребе тартуы мен жұптарды бөлуден басталады. 9 және 19 сәуір аралығында 1/8, 1/4 және 1/2 финалы өтеді. Онлайн айтыстың ақтық финалы 2020 жылдың 18 және 19 сәуіріне жоспарланған.

Сайыстың өту барысын барлық ниет білдірушілер штабтың әлеуметтік желі – FacebookInstagramYouTube-тегі парақшаларынан көре алады.

Жеңімпаздар Telegram арнасында онлайн дауыс беру және мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анықталады.

Бас жүлдеге «Алтын орда» авторлық дизайн үйі Tengri эксклюзивті этно-инсталляциясын және «Біз біргеміз» логотипімен кәдесый ұсынады.