Kyzylorda-news.kz. Қасым-Жомарт Кемелұлы әулетінің тарихының өзі сынаққа толы. Осыған дейін жүріп өткен жолымен танысқан адамның бей-жай қалмасы анық. Әке мен шешеден, бауырларынан айрылып, соңында Қасым мен Кемелдің соғыс басталып, бір-бірінен ажырайын деп тұрған сәттер төбе-құйқаңды шымырлатады.

Сол майдан даласында хабарсыз кеткен Қасым ағасының атын ұлының есіміне ендіріп жіберген Кемел ақсақалдың арманы орындалды.

Осы тақырыпта жазған Ұларбек Нұрғалымұлының “Тағдыр мен майдан” деген кітабын оқып отырып көп нәрсеге көзің жетеді.

Айтайын дегенім – әулетінің де, елінің де тарихы түрлі нәубет сынақтарға тіреліп, сол сынақтардан сүрінбей сабырлы, байсалды қалпынан таймай өткен салмақты саясаткер тағы да үлкен сынның алдында тұр.

Ел тізгінін қолға алғаннан бері оңай болып жатқан жоқ. Түрлі мәселелер елде де, әлемде де мүлде басқа сипат алып, күннен-күнге күрделеніп барады.

“Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде” дегендей, небір алпауыт мемлекеттер теңселіп тұрған бұл кезең бізге оңай тимейтіні анық.

Алла сақтасын, жұт жеті ағайынды.

Мемлекет басшысы мүмкіндігінше барын салып дағдарысқа қарсы, пандемияға қарсы шараларды қолға алып жатыр. Осындайда енді біз де ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылатын шақта бір-бірімізді етектен тартқылап, есеп түгендемей, бірігу қажет деп ойлаймын.

Алла көріп тұр ғой, бұл жағымпаздықпен айтылған сөз емес, оған мен де ол кісі де зәру емес. Тырнаққа ілініп зорға тұрған осындай шақта тырнақ астынан кір іздей бермей, ортақ мақсатқа, игілікке ұмтылайық.

Біздің халықтың жәй күндері басшы, қосшы, би, батыр, бала, келін, ақсақал, ене болып бөлек-бөлек міндет атқарып жүргенімен жау келгенде бәрі жауынгерге айналып кететін қасиеті бар.

“Тәңір асыраған тоқтыны қасқыр жемейді” деген, осы алып империялардың ортасынан қазақты қалқайтып аман алып келе жатқан ақ пейілі мен мейірімі, иман сабыры шығар.

Алла адамзат баласын, Алаш жұртын амандықта қылғай!

Мұхтар НИЯЗОВ,

айтыскер ақын

Тағы да оқыңыз: