Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығында 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шараға емдеу мекемесінің бөлімше мейіргерлері қатысып, орта буын қызметкерлерінің жұмысына қатысты мәселелерді ортаға салды.

Дөңгелек үстел бағдарламасына сәйкес, орталық директоры Әділбай Медетбаев мамандарды мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын тарту етті.

Қазіргі күні облыстық психикалық денсаулық орталығында 316 мейірбике жұмыс жасайды. Мамандар коронавирус індеті өршіген тұста «Сейхун» провизорлық стационарында абыройлы еңбек етіп, талай науқастарды ажалдан арашалап қалды. Бұл ретте, мейірбикелердің еңбектері лайықты бағалануда.

«Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Науқастардың жазылып, сауығып кету жолында сіздердің еңбектеріңіз зор. Әсіресе, пандемия уақытында нағыз білікті маман ретінде өздеріңізді көрсете білдіріңіздер. Алдағы уақытқа көптеген мақсаттарымыз бен жоспарларымыз бар. Ауызбіршіліктің арқасында биік белестерді бағындырамыз деп ойлаймын», – деді Әділбай Қаниұлы.

Жиын барысында мейіргерлер жұмыс барысында орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісті. Көкейдегі сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Дөңгелек үстелге қатысқан мамандарға арнайы сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді.

Тағы да оқыңыз: