Kyzylorda-news.kz. Елімізде індетке байланысты дүрбелең туғызуға жол бермейміз. Бұл туралы республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты. Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда. Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік. Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп екенін атап өтті.

«Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын. Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз», – деді Қ. Тоқаев.

Тағы да оқыңыз: