Kyzylorda-news.kz. Жаңа оқу жылының басталуына орай біз отандық денсаулық сақтаудың мектеп медицинасы сияқты бағытын іске асыру және оқушыларға көрсетілетін медициналық көмек туралы материал дайындадық. Оқушыларға қандай медициналық көмек көрсету керек? Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбат барысында толығырақ айтып өтті.

Мектеп медицинасы дегеніміз не?

Мектеп медицинасы – бұл білім беру ұйымдарындағы мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмекті ұйымдастыруды көздейтін медицинаның бір саласы. Яғни, балалардың денсаулығын қорғау және нығайту бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер, аурулардың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау болып табылады.

Мектеп медицинасы төмендегілерді қамтиды:

– профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу;оқу кезеңіндегі және каникул уақытындағы сауықтыру іс-шаралары;

– аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану, репродуктивті денсаулықты сақтау;

– психикалық денсаулықты қорғау, темекі шегуден,нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, құмар ойындарға емделуден туындаған суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің алдын алу);

– профилактикалық тексеріп-қараулардың нәтижелері бойынша оқушыларды тереңдетілген медициналық тексерулерге жіберу;

– Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинация жасау;

– жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл болған жағдайларда алғашқы көмек көрсету, аурулардың алдын алу бойынша оқыту іс-шараларын өткізу;

– балалардың денсаулығын қорғауға ата-аналар мен педагогтарды тарту;
санитарлық ережелердің талаптарын сақтау.

**Медициналық қызметтің көрсетілу шеңбері?
**Оқушылар мен тәрбиеленушілерге мектептердің, балабақшалардың және басқа да білім беру ұйымдарының медициналық пункттерінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі, яғни мектептерге қызмет көрсететін емханаларға бұл қызметтер мемлекет тарапынан төленеді.

**Мектеп медицинасының жұмысын кім ұйымдастырады?
**Оқушыларға медициналық көмекті мектеп аумақтық түрде жататын емхана көрсетеді. Мектеп медицинасының қызметін ұйымдастыруға жергілікті денсаулық сақтау басқармасы жауапты болады.

**Пункттердің жұмысы қалай құрылады?
**Медициналық пункттердің медицина қызметкерлері жыл сайын оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау және нығайту, олардың арасында сырқаттанушылықты төмендету бойынша іс-шараларды жоспарлайды, профилактикалық егулердің, профилактикалық тексерулердің кестесін жасайды және оқушыларды уақтылы диспансерлеуге бақылау жүргізіп отырады.
Балаларға арналған профилактикалық егулерді және кәсіби тексерулерді білім беру ұйымының ғимаратындағы емханалардың мамандары жүргізеді. Ол үшін емхананың жауапты қызметкері мамандардың мектептерге шығу кестесін жасайды.

Екпелер
Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін емхана қызметкерлері мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне екпені оқу орнының медпунктінде жасайды. Екпе салғаннан кейін медбикелер егілген балалардың жағдайын бақылайды. Егер оларда екпеге деген реакция байқалса, онда балалар дереу медициналық көмек ала алады немесе жағдайына байланысты оларды емханаға не ауруханаға жібереді.

Профилактикалық тексерулер
Мектеп жасындағы балалар арасында профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу тиісті Қағидаларда жазылған белгілі бір кезеңділікпен жүргізіледі. Ол үшін емхананың бейінді мамандары мектепке барып, онда балаларды кәсіби тексеруден өткізеді.

Шұғыл көмек
Медициналық пунктте өткір және созылмалы аурулар, жарақаттар кезінде шұғыл көмек алуға болады. Айта кетейік, баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда дереу шұғыл шаралар жасалу қажеттігін ескере отырып, шұғыл медициналық көмек ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз көрсетілуі мүмкін екенін түсінген абзал.

Қордың облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мектептердегі медициналық пункттер балалардың оқу жылы аясында медицина қызметкерлерінің бақылауында болуы және уақтылы медициналық көмек алуы үшін құрылғанын атап өтті. Бірақ, кейбір аурудың түрлерін тексерулер мен емдеу баланың жағдайына байланысты тікелей клиниканың өзінде болады.
Барлық балаларға зор денсаулық және үздік оқуды тілейміз!

Тағы да оқыңыз: