Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Алдымен Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі жаңа мектеп құрылысы барысымен танысты. Айта кетейік ауылдағы №248 орта мектеп апатты деп танылған болатын. Ескі ғимарат сүріліп, орнына жеке кәсіпкердің демеушілігімен қайта салынуда. Жаңа нысан 100 орынға лайықталған. Бүгінде оқу ордасының іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.

Одан соң, Мархабат Жайымбетов Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Аталған құрылыс нысаны 2020 жылы бастау алған болатын. Алайда мердігер мекеме тарапынан міндеттемелер мен талаптар орындалмауы салдарынан келісім-шарт бұзылып, қазіргі кезде тоқтап қалған құрылысты жалғастыру үшін мердігер анықтау мақсатында конкурс жарияланды.

Екі күндік жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Сексеуілде бастау алған газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Кентті көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Газдандыру жұмыстары барысында кенттегі 2 300 тұрғын үй, 24 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысандарға тартылып, жалпы саны 11 620 тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Аудан тұрғындарын жылумен қамту да облыс әкімінің орынбасарының назарынан тыс қалмады. Өз кезегінде Мархабат Жайымбетов «Нұрайжан» ЖШС-нің отын сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Қоймада қазіргі таңда кент тұрғындары үшін тас және ағаш көмір еркін босатылуда. Қыс мезгілінде халықтты қаттты отынмен толықтай қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мұнан соң аудан орталығында орналасқан «Тоғыс Аралотын» ЖШС-нің жұмыс барысын көрді. Отын сақтау қоймасы бүгінгі күні халықты қатты отынмен қамту жұмыстарына дайындық жүргізуде. Кәсіп иесі аралдықтарға көмір жеткізумен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Қажетті қор халықтың сұранысына сай күнара теміржол арқылы әкелінуде.

Облыс әкімі орынбасарының іссапары аудан әкімдігінің ғимаратындағы мәжіліс залында қорытындыланды.

Мұнда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен тұрғын үй және жұмыспан қамту мәселелері туралы қозғаса, кейбірі әлеуметтік және инфрақұрылым, жол, жарықтандыру бойынша жүгінді. Қоғамдық қабылдауға 16 адам келді. Сан-сауал мен тұрғындарды толғандырған сұрақтарға Мархабат Жайымбетов жеке-жеке тоқталды.

Келушілер тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша ұсыныстар білдірді. Сондай-ақ аудан орталығына бейнебақылау және жылдамдық өлшеу құралдары қажеттілігі бойынша тілектерін білдірді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары бюджет қаражаты есебінен, кезең-кезеңімен бақылау камераларын орнату бойынша тиісті шаралар атқарылатындығын жеткізді. Бұдан да өзге өтініштерге сай Мархабат Жайымбетұлы жауапты сала басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып мәселелерді шешу бағытында жұмыс жасауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: