Kyzylorda-news.kz. Бүгін мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жұмыс сапарымен Арал ауданына барды.

Алдымен мәслихат хатшысы Сексеуіл кентіндегі жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектеп пен 40 төсектік ауылдық аурухананың жұмысымен танысты. Мектептің құрылыс жұмыстары 2020 жылдың шілде айында басталып, ағымдағы жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын «Энергомера» және «Атамекен» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Бас мердігер мектеп құрылысының салу барысымен таныстырды.

Жаңадан салынып жатқан құрылысты аралау барысында Наурызбай Сейтқалиұлы мердігерлерге құрылыс нысандарын мезгілінде сапалы аяқтап, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Одан кейін, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ің балық өңдеу зауыты мен ипотекалық тұрғын үйлердің құрылысымен, Арал қаласындағы «Оқушылар үйіне» және Арал көпсалалы колледжімен қатар, 1980 жылы салынған Арал индустриалды-техникалық колледжеріне «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ, аудандық кітапхана ғимараттарының ескіруіне байланысты олардың материалдық-техникалық базасын күшейту жөнінде кеңесіп, Арал аудандық мәслихатында мәслихат депутаттарымен кездесті.

Кездесу барысында облыстық мәслихат хатшысы облыс әкімі Гүлшара Наушақызының басшылығымен облыс көлемінде және Арал ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Сонымен қатар бірқатар өзекті мәселелер жөнінде ой-пікір алмасты.

Тағы да оқыңыз: