Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторы қамауында отырған сотталғандар арасында кітап оқитындардың саны күн сайын артып келеді. Осыған байланысты мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары әділет майоры Қайрат Олжабаев кітапхана қорын арттыру әрі соталғандады тәрбиелеуге пайдалану мақсатында жан-жақтан кітап сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі таңда кітапхана қоры 70-ке жуық кітаппен толықтырылды. Бұл кітаптардың алғашқы легіне жастар арасында құрылған «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібай ұйымдастырған «Кітап сыйла» акциясы аясында қол жеткізілді.

Мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қайрат Олжабаевтың айтуынша, бұл кітаптар арнайы сараптамадан өткізіліп, мекеме кітапханасына тапсырылады.

«Теміртордағы азаматтардың электронды кітаптар мен ақпараттық порталдарға қолы жетпейді. Бірақ, «көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді» демекші, ойдың жүйріктігін жетілдіріп, ұтқырлығын оздыратын, рухани тәрбие беретін құнды қазына – кітап екені ақиқат. Сондықтан да бүгінгі акция барысында жиналған кітаптарымыздың қателік жасап жазаға тартылған адамдарды тәрбиелеуге, рухани байытуға, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға игі әсері болады деп ойлаймын – деді, Талғат Меңдібай.

Айта кетейік, «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібай алдағы уақытта сотталғандарды кітап оқуға тартуға арналған тың идеялары бар екенін айтты. Мекеме бастығының орынбасары бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: