Kyzylorda-news.kz. Өңірдегі эпидахуалдың күн санап қиындауы қоғамдағы әрбір азаматты алаңдатып отырғандығы белгілі. Өз кезегінде аймақ ардагерлері қалыптасқан қиын кезеңде тұрғындарға көпшілік орындарға бармауға кеңес беріп, той-жиын, отбасылық мерекелерді мейлінші азайтуды ұсынып отыр. Аймақ ардагерлері бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтты.

«Тұрғындардың маска тағуға құлықсыздық танытуы сақтық шараларын ескермеудің әуелгісі. Маска тағудың да өзіндік қарапайым мәдениеті, ережесі бар. Ол ережені бәріміз білеміз, бірақ ескермейміз. Сол әрекетімізбен қоғамға залал келтіріп жатқанымызды түсінуіміз қажет», – деді облыстық аумақтық инспекциясының ардагері Бақыт Әбдіғаппарұлы.

Брифингте коммуналдық сала ардагері Келдібай Бектұрғанов та қазіргі жағдайға өз көзқарасын білдіріп, халықты екпе алуда белсенділік танытуға шақырды.

«Мамандар адам тағдыры, амандығы үшін індетпен арпалысып, жер жүзіне келген нәубетті жеңудің жалғыз жолы екпе алу екендігін айқындап отыр. Сондықтан біз вакцинадан секем алып, күмәнмен қарамауымыз керек. Вакцинаға қатысты теріс бағыттағы ақпараттардың таралуы тым жоғары қарқынмен жүруде. Бірақ ол ақпараттың растығын тексеріп жатқан адам аз. Алып-қашпа сөзге емес, мамандардың пікіріне сенген дұрыс» – деді ардагер.

Тағы да оқыңыз: