Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы мен оның аудандарында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты карантин енгізілгені белгілі. Тұрғындардың дүкенге барып азық-түлік, дәріханадан керекті дәрі-дәрмек алуына, жұмысына баруына тыйым салынбаған. Бірақ, көшеде бейсауат жүруге рұқсат жоқ.

Қармақшыда аудандық жұмысшы топ мүшелері аудан орталығының көшелеріндегі тәртіпті қадағалауға жұмылдырылған полиция қызметкерлерінің және аудан орталығына кіре беріс жерлерге қойылған тосқауыл бекеттерінің жұмысымен, дүкен сатушылар тарапынан санитарлық талаптардың сақталуымен танысты.

«Полиция қызметкерлерінің жұмысы таң қылаң бере басталып, түн ортасына дейін жалғасады. Күні-түні жұмыс істейтін олар қоғамдық тәртіпті бақылап, карантин режимінің сақталуын жіті назарда ұстайды. Жалпы, халықтың басым бөлігі карантин режиміндегі шектеулерге және талаптарға түсіністікпен қарауда. Барлығы да әлеуметтік желіден оқып-білген, жағдайдың күрделі екендігінен де хабардар. Десе де, бейсауат жүрген азаматтар мен ересектердің бақылауынсыз жүрген балалар да көптеп кездеседі», – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айбол Қозыбақов.

Оларға жергілікті әкімдік қызметкерлері ескертулер жасаған.

«Дүкен сатушылары санитарлық сақтық шараларын қолданып жатыр. Десе де, бірқатар сауда нысандарында бетперделерін немесе қорғаныш қолғаптарын жедел штаб өкілдері келген сәтте ғана киіп жатқандарын байқадық», – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: