Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты қызылордалық зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдіріп, халықты бірлікке, елдікке шақырып жатыр. Олардың қатарында еңбек ардагері, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Нажмаддин Мұсабаев та өз пікірін білдіріп, халықтың жағдайы оңалса, еліміз одан әрі дами беретінін айтты.

«Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауы халықтың арасында кеңінен талқыланып, біраз насихатталуда. Шынында да, Жолдауда барлық саладағы көптеген мәселелер қамтылды. Дегенмен, аталған мәселелер айтылып қана қоймай, нақты жұмыстар орындалуы керек. Бұл ретте Президентіміз ең бірінші халық үңіне құлақ асатын мемлекет құру керектігін айтып келеді. Халықтың жағдайы оңалса, еліміз одан әрі дами бермек. Сыр өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласы мен су саласы өте өзекті екені белгілі. Мемлекет басшысы да Жолдауында бұл мәселені қозғап, болашақта су тапшылығы әлемдік деңгейде көтерілетінін жеткізді. Біздің облыстың экономикасы негізінен Сырдария өзені мен Кіші Аралдың жағдайына тәуелді. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке 3 жылға арналған бағдарлама әзірлеу туралы тапсырма берді. Одан бөлек, гидротехникалық саласының мамандарын дайындау керектігін де тілге тиек етті. Соңғы жылдары аталған мәселені түпкілікті зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде», – деді Нажмаддин Мұсабаев.

Тағы да оқыңыз: