Kyzylorda-news.kz. 5 маусымда ел тарихындағы ең маңызды әрі шешуші оқиға жалпыұлттық референдум өтті.

Саяси науқанға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі Конституцияға ұсынылған түзетулерді қолдап, дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы бастамасына қолдау білдірді. Осы орайда елімізді жаңғырту үшін жүргізіліп жатқан реформалар референдуммен шектелмейтіні түсінікті.

Ендігі міндет – халықтың сеніп жасаған таңдауын іске асыру. Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша жасаған үндеуінде осы мәселеге баса мән беріп, елімізді жан-жақты жаңғырту жалғаса беретінін ашып айтты.

Науқанда халық қарасы қалың болуы ел азаматтарының таңдау сәтіне ерікті түрде қатысуы көңіл қуантты. Бұл белсенділік болашақ үшін қарышты қадам жасалғанын аңғартады.

«Көпшілігіміздің көкейімізде көп сұрақ тұр. Әрі қарай не болады, қандай өзгерістер орын алады дегендей. Әрине, бастапқыда оңай болмайтыны анық. Себебі бұл өте ауқымды жұмыс. Конституцияға енгізілген өзгертулер негізінде еліміздің заңдары өзгереді. Ал олардың жұмыс істеп кетуі үшін біршама уақыт керек.

Мен халыққа қызмет етіп жүрген депутат және еліміздің азаматы ретінде Президентіміздің ашық әрі әділетті экономика құру керектігі жайлы айтқан сөздерін толықтай қолдаймын.

Тұғыры берік ел болуымыз үшін экономикамызды дамытып, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Көп болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында жұмыла еңбек етсек, экономикасы мықты мемлекетті құра алатынымызға сенімім мол.

Талғат ӘЛІПБАЕВ,

Қазалы аудандық мәслихатындағы

«AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

Тағы да оқыңыз: