Kyzylorda-news.kz.  Қазақстан дамудың келесі кезеңіне – әділетті Қазақстанды құруға аяқ басты. Сол жолда бүкіл халықтың қатысуымен ел тағдырын анықтайтын референдум өткізу жоспарлануда.

Президент Қ.Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу және азаматтардың игілігі үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау қажеттілігі жөнінде айтты. Парламент палаталарының рөлін күшейту, Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделін енгізу, Парламенттің бақылау функцияларын кеңейту арқылы азаматтардың мүддесін қорғау механизмінің күшейетіндігі де айтылды. Сонымен қатар, сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар Конституциялық сотқа тікелей арыздана алатындығы және саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік жасайтынын да айтуға болады. Бұл елдің дамуы үшін жасалған игі қадамдардың бірі деп білемін.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің де саяси мәні зор. Уақыт озған сайын заман талабы өзгеріп келеді. Елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігінің өзгерісі және азаматтардың ол туралы біліп, оқып, оған қатысуы өте маңызды. Сондықтан бұл ретте азаматтардың белсенділік танытқаны жөн. Баршаңызды 5 маусымда референдумға қатысуға және дауыс беруге шақырамын.

Гүлжауһар Раева,

«Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Қармақшы аудандық филиалының төрайымы

Тағы да оқыңыз: