Гүлшара Әбдіқалықова жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың жағдайымен танысты – Kyzylorda News
Басты бет

Гүлшара Әбдіқалықова жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың жағдайымен танысты

12.08.2021, 21:00

652 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барып, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың жағдайымен танысты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің «Facebook» парақшасында жазды.

Қымбатты жерлестер! Қазіргі таңда елімізде коронавирус індеті өршіп тұрғанын білесіздер. Вирустың таралу деңгейі бойынша әлі «қызыл аймақтан» шыға алмай отырмыз. Соңғы 10 күнде осы індетпен ауырғандар саны 2 мыңнан асып барады. Осы жағдайды ескеріп, өңірде инфекциялық төсек-орын санын 4 есеге дейін ұлғайттық.

Бүгін медициналық мекемелердің індеттің одан әрі таралуына әзірлігін пысықтау үшін модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барып, реанимацияда жатқан науқастардың жағдайымен таныстым.

Үкіметтің қолдауымен 200 төсектік модульді стационар осы аптадан бастап ауруларды қабылдауда. Вирус жұқтырған азаматтардың жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Науқастарға қажетті дәрі-дәрімек толық жеткілікті, мамандардың жұмыс режимі жолға қойылған.

Десек те, бұл індетпен ауырмаудың жолы – өз қолымызда. Көпшілік адамдар жиналатын шараларды, жиын-тойларды әзірге қоя тұрған дұрыс. Біз әсіресе, балаларымызды індеттен сақтауға міндеттіміз.

Вирустың жаңа штаммдары күннен күнге көбеюде. Кеше ғана АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Йота» жаңа штаммы пайда болды. Бұл бізден індеттен сақтану шараларын қатаң ұстануымызды талап етеді. Балаларымыздың қауіпсіздігі, жақындарымыздың амандығы үшін карантин талаптарын сақтай отырып, екпе алуларыңызды сұраймын.

Өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығы өзімізге байланысты екенін ұмытпайық!
Әрбіріміз жауапкершілікті жүрегімізбен сезініп, қиың кезеңді бірге жеңейік, жерлестер!