Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Құрметті қызылордалықтар!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет мүддесін жіті қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықтың сенімді кепілі болу сынды маңызды істер сеніп тапсырылған. Алдарыңызда – еліміздің еңсесі биік, шекарасы берік, халқы тыныш болуы үшін ел намысын өз тағдырынан жоғары қою міндеті тұр.

Осы жолда ел тәуелсіздігін арыстандай айбарлықпен, қыран кұстай қырағылықпен қорғап жүрген Сіздерге зор ризашылығымызды білдіреміз.

Дүниежүзінде орын алған пандемия кезінде де кірпік қақпай қауіпсіздігіміз бен тыныштығымызды сақтауда аянбай еңбек етіп жүрсіздер.

“Ұранды ердің ұрпағы қайсар” дейді дана халқымыз.

Ұлттық намысты елдіктің берік қорғаны санайтын батырлардың ержүрек ұрпағы – Сіздердің Отан тыныштығын күзетудегі ерлік еңбектеріңіз еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сендіреді.

Жау бетке – білектімізді, дау бетке – біліктімізді, жарастыққа – жақсымызды жұмсаған дана халқымыздың игі дәстүрін сақтаған Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз егемен еліміздің Қарулы Күштерінің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғауға бағытталғанын жақсы білеміз.

Бар өмірін әскери іске, Отан қорғауға арнаған Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін.

Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Ел еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз берік болсын!

Біз Біргеміз!

Тағы да оқыңыз: