Гүлшара Әбдіқалықова бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тапсырды – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Гүлшара Әбдіқалықова бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тапсырды

24.12.2020, 9:40

296 0

Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жетекшілік жасайтын салалар бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың есебін және алдағы жоспарларды тыңдады.

Атап айтсақ, 2021 жылға барлық қаржыландыру көздерінен құрылыс жұмыстарына бюджет қаражатының көлемі 18,7 млрд теңгеге бекітілді. Мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік саладағы 15 нысанның құрылысына барлығы 7,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 2021 жылы 12 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.

Қызылорда облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі арасындағы Меморандумға сәйкес 2020 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданы 591,5 мың шаршы метр болып белгіленді. Нәтижесімен, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 100%-ға орындалды.

2021 жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 10,5 млрд теңге бөлінді. 1572 пәтерлік 76 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың желтоқсанындағы мәліметке сәйкес мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын 487 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Оның 211 Қызылорда қаласында, 276 аудандарда орналасқан. Сондай-ақ, 216-і бюджет қаражаты есебінен болса, 271 жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылуда.

Нысандарда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жалпы 97 жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылып, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді жою жөнінде 25 нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 172 нысанға қатысты әкімшілік шара көрілген.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы құрылыс объектілеріне бару арқылы профилактикалық сипатта жүргізілетін тексеру жоспарына 85 кәсіпкерлік субъектілері енгізілген болатын.

Есепті мерзімде жүргізілген тексерулер нәтижесімен сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты жалпы 172 әкімшілік іс қозғалып, кінәлі тұлғаларға 49 млн 622 мың теңге айыппұл салу жазасы қолданылды.

«Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы» әзірленді. Оған облыстық және аудандық маңызы бар 73 жоба енгізілген. Оның ішінде құрылыс және қайта жаңарту бойынша 14 жоба, күрделі және орташа жөндеу – 36 жоба, көпір өткелдерін жөндеу – 23 жоба. Сонымен қатар жол картасында Қызылорда қаласы мен 7 ауданның орталықтары және елді мекендер көшелерін жөндеуден өткізу жұмыстары да қарастырылған. 2021 жылғы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішін 75%-ға жеткізу жоспарланған. Осы индикаторлық көрсеткішке жету мақсатында «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту», «Ауыл ел – бесігі», «Кіші қалаларды дамыту (моно)» бағдарламалары аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Әуе, автомобиль, темір жол көлігі салалары бойынша да жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылған. Жолаушыларға қызмет көрсетілуде.

Кездесу барысында халықты орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету үлесінің көрсеткішіне қатысты да есеп берілді. Тұрғындардың 97,5% орталықтандырылған сумен жабдықталған. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 98% жетеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 2021 жылы Төретам кентінде су құбыры желілерін салу жобасы іске асырылады. Аталмыш жобаның құны-160 млн теңге.

2020 жылдың соңына Қызылорда қаласы және қала маңындағы елді мекендердің бір бөлігі (Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл, Қарауылтөбе, Досан), 5 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған) және Байқоңыр қаласы, 5 ауылдық елді мекен (Арал ауданы Жақсықылыш кенті, Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылы, Шиелі ауданының Жахаев, Бидайкөл, Байсын ауылдары) табиғи газбен қамтамасыз етілді. Табиғи газға қол жеткізе алатын халықтың үлесі 63% құрады.

Сонымен қатар, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы халық саны 59 мың адамнан асатын 10 елді мекенді газбен жабдықтау жобасын іске асыру жоспарлануда.

Облыс бойынша 1812 қосалқы станция және 9 834,74 км түрлі кернеулі электр желілері бар. 2020 жылы электрмен жабдықтау желілерін дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 3 млрд 53 млн теңге бөлініп, 2 қосалқы станция және 100 км. электр желілері қайта құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 71% – дан 69% – ға дейін төмендеді.2021 жылы Қызылорда қаласында облыстық бюджет қаражаты есебінен 4 қосалқы станцияны қайта жаңарту жоспарлануда, соның салдарынан электрмен жабдықтау желілерінің тозуын 3% – ға төмендету күтілуде.

Облыс бойынша 204,5 км жылу желілері бар, «Нұрлы Жер» аясында 2020 жылы 7,8 км жылу желілері қайта жаңартылды, нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 42% – дан 39% – ға дейін төмендеді. 2021 жылы 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, «Нұрлы Жер» аясында 6,5 км жылу желілерін қайта құру жүргізіледі.

2020 жылы 34 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен 2,0 млрд.теңге мөлшерінде қаражат бөлінді (32 – Қызылорда қаласында, 1-Жаңақорған ауданында және 1 – Шиелі ауданында). Нәтижесінде облыс бойынша кондоминиум объектілерінің үлесі 51,1% – дан 47,2% – ға дейін төмендеді.

Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын және сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.

0

Пікір қалдыру