Kyzylorda-news.kz. Тосыннан болған апат кезінде ерлік көрсетіп, бір отбасын қызыл жалыннан аман алып қалған полиция қызметкерлері «Жауынгерлік ерлігі» және «Ерлігі үшін» төсбелгілерімен марапатталып, Сыр полицейлері құрмет төрінен көрінді.

«Биыл 26 мамырда «Ақмешіт» мөлтек ауданында орын алған өрт кезінде полиция қызметкерлері дереу әрекет етіп, бір отбасыны қызыл жалыннан құтқарып қалдық. Жалпы полиция қызметкері қандай жағдай болмасын шұғыл әрекет етуге дайын тұруы керек. Тұрғындардың қауіпсіздігі біз үшін әрдайым бірінші орында», – деді қалалық полиция басқармасы ЖП қызметі бөлімінің патрульдік полиция командирі Бектұр Сатенов.

«Түтін басқан пәтердегі өрт көрші үйлерге тарап кетпеуі үшін тез сөндіруге кірістім. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай қауіпті жағдайлармен күнде кездеседі. Тіпті қайғылы оқиғаларда өздерін қауіпке тігіп, ажал құшқан әріптестеріміздің ерлігі біз үшін үлгі. Еліміздің тыныштығын күзету біздің парызымыз», – деді қалалық полиция басқармасының ЖП қызметінің инспекторы Талғат Шалқарбаев.

«Тұрғындардан қоңырау түскен бойда оқиға болған орынға дереу жетіп, жедел әрекетке кірістік. Ең бастысы, адамдар аман қалып, өрт дер кезінде сөнді. Қызметтік жолымда түрлі қылмыстық жағдайлар мен оқиғаларға куә болдым. Осындай мезетте адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс», – деді қалалық полиция басқармасының ЖП қызметінің инспекторы Ғалымжан Темірбай.

«Тәуелсізідігіміздің 30 жылдығында Жауынгерлік ерлігі және Ерлігі үшін төсбелгілерімен марапатталғанымызға қуаныштымыз. Әрине бұл ерлік емес біздің міндетіміз. Еліміз аман, халқымыз бейбіт күнде ғұмыр кешсін», – деді қалалық полиция басқармасының ЖП қызметінің инспекторы Ержан Анапьяев.

Тағы да оқыңыз: