Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлық қазіргі таңда өзегі тереңге кеткен қауіпті құбылыс. Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп дөп басып айтқан. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Атап айтсақ, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі, бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы елдің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер учаскесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар бүгін де әлі де орын алуда.

Елімізде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім. Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары барынша қамтылған. Алайда азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмендігі, тұрмыстық сананың нашарлауы салдарынан сыбайлас жемқорлық құбылыстарының орын алу жағдайлары тіркелуде.

Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.

Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бүгінгі студент ертеңгі мемлекеттік қызметкер отбасынан, университет қабырғасынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті бойына қалыптастыру керек. Осы бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құқықтану мамандығы бойынша білім алушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері» пәні жүргізіледі. Сонымен бірге, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлескен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында лекциялар, кездесулер, сайыстар, дебаттар тұрақты түрде жүргізіледі.

Сыбайлас жемқорлық – бұл қауіпті құбылыс. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік қызметкер, әрбір ата-ана сыбайлас жемқорлыққа деген иммунитеті мықты болса, онды біздің бақытты мемлекет болғанымыз.

Еркемай Саниязова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универсиетінің аға оқытушысы, заңтану магистрі

Тағы да оқыңыз: