Ербол Қарашөкеевтің Сыр еліне сапары бірнеше ауданда жалғасты – Kyzylorda News
Басты бет

Ербол Қарашөкеевтің Сыр еліне сапары бірнеше ауданда жалғасты

30.07.2021, 17:40

1595 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің Сыр еліне сапары бірнеше ауданда жалғасты.

Министрлік делегациясы Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралап, бірқатар шаруа қожалықтарында болды. Алдымен ол Жалағаш ауданындағы «Байтабын» шаруашылығының шөп жинау дайындығымен танысса, одан кейін Сырдария ауданындағы жоңышқа егетін «Мағжан және К» серіктестігінің жұмысын бағамдады.

Аралау барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірде шаруаларды қолдау бағытындағы бірлескен жұмыстарды атап өтті.

Бүгінде «Байтабын» шаруа қожалығында 1416 гектар күріш, 74 гектар мақсары, 170 гектар жаңа жоңышқа орналастырып, 572 гектар ескі жоңышқа дақылы күтімге алынса, «Мағжан және К» 161 гектар бидай, 84 гектар арпа, 306 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 1478 гектар ескі жоңышқаны күтімге алды. Мұнда негізгі дақыл күрішті 2500 гектарға екті. Мұнан кейін Ербол Қарашөкеев Арал ауданына көмек ретінде шөп жөнелтіп жатқан Шиелі ауданындағы «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысымен кездесіп, құрғақшылықтан зардап шеккен ауданға көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

«Өздеріңіз білесіздер, Арал ауданының шаруалары биыл құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Қазір мәселе ретімен шешіліп келеді. Облыстың бес ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан мал азығы жеткізілетін болды. Ол үшін келісім жасалды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің резервінен 250 млн теңге бөлінді, оның 49,5 млн теңгесі шөп таситын көлік шығынын көтеруге жұмсалады. Жалпы, бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады», – деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кету керек, «Бидайкөл» қожалығы биыл 900 гектар жерге күріш, 200 гектарға күздік бидай екті. Сондай-ақ, 70 гектарға соя дақылын егіп, 477 гектарға ескі жоңышқа орналастырған.

Жалпы ауданда мал суаратын құдықтар салу және су бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінгі күні облыста 347 мың тонна мал азығы дайындалды. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылды. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл Ел» студенттік отрядынан жастар да көмекке келіп жатыр. Мыңға жуық адамның қатысуымен 114 бригада құрылып, 170 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды.

Тағы бір маңызды мәселе – мал азығына сұраныс артқан сайын оның бағасының да күрт көтерілуі. Бағаның өсуіне тасымал шығыны да әсер етті. Енді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдауға арнайы жеңілдік беретін болды.

Ербол Қарашөкеев Қызылорда облысына жасаған сапарының соңында Жаңақорған ауданындағы алма бағын баптап отырған «Жан-Арай» серіктестігіне, құс шаруашылығымен айналысатын «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы құрылысының барысымен және мал шаруашылығымен айналысатындарға жем-шөп дайындайтын «Нұрбол И» шаруашылығының жұмысымен танысты.

Алма бағында 35 112 түп жеміс көшеттері сатып алынып, 35 гектарға жеміс көшеттері егілді. Ал, «Абдулла» құс фабрикасы жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіреді. Фабрика облыс халқының тұтынатын құс етінің 33 пайызын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда 4 ғимараттың каркасы тұрғызылып, қызмет көрсететін техникалар алынған. Сонымен бірге «Нұрбол И» шаруашылығы биылдың өзінде 50 гектар күріш, 139 гектар ескі жоңышқа дақылдары күтімге алған. Оның бірінші орымынан барлығы 200 тонна өнім жиналып, қазіргі таңда екінші орымға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

0

Пікір қалдыру