Kyzylorda-news.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап Елбасының “Жалпы еңбек қоғамын құру” идеясын жүзеге асыру мақсатында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшылары арасындағы республикалық “Еңбек жолы” байқауын өткізіп келеді.

Байқаудың мақсаты – еңбек адамының беделін көтеру, еңбек өнімділігіне ынталандыру, жұмыскерлер кәсіптерін насихаттау, жастарды өндіріс саласына тарту, көпжылдық еңбек әулеттерінің салтын сақтау болып табылады.

Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша аталған додаға биыл Сыр өңірінен 3 үміткер жолдама алды. Бұл азаматтар өз ісінің хас шеберлері десе болады. Еңбек ету барысында халықтың алғысына бөленіп, ұжымының жетістіктерге жетуіне себепкер болған.

Республикалық байқаудың «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Садуақас Ахмет бақ сынамақ.

Қазалы теміржол ауруханасының 1 санатты хирург-дәрігері болып 1993 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы кезге дейін 5-6 мың әртүрлі хирургиялық ота жасап, көптеген науқастың өміріне араша түскен. Денсаулық сақтау саласының бірнеше марапаттарына ие болып, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған. Бүгінде С.Ахметтің шәкірттері облыстың емдеу мекемелерінде сапалы қызмет атқаруда.

Қармақшылық Құдайберген Балшынов Т.Көмекбаев ауылдық округі клубының директоры қызметін атқарады. Ол «Еңбек жолы» республикалық конкурсына «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша іріктеуден өткен. Балшыновтар әулеті бүгінде өнерде де, өмірде де дағдылары бір арнаға тоғысқан өнерлі отбасылырдың бірі. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы педогогикалық институттың «Әуез және мәдени ағарту» факультетін музыка пәнінің мұғалімі, балалар әуез мектебінің оқытушысы, мәдени-ағарту саласы қызметкері мамандықтары бойынша аяқтаған. Ауылдағы өнерлі жастардың қанатын қатайтып, облыстық, республикалық байқауларда жүлде алуына еңбек етті. Әр мерекеде Т.Көмекбаев ауылдық округінің тұрғындарына қуаныш сыйлап, ауыл халқын ұйымшылдыққа үндейді.

Республикалық байқау жүлдесінен жас мамандар да үмітті. Сырдария ауданындағы “О.Әбілпаттаев” атындағы «№210 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жансая Залова «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша үміткер атанды. Еңбек өтілі 4 жыл ғана болса да бүгінде біраз жетістіктерге жетіп үлгерген. Өткен 2019 жылы ІІІ Республикалық «Жас маман» байқауынан ІІ орын және “Үздік жас маман” төсбелгісімен марапатталды. Жас маманның оқушылары да облыстық, аудандық олимпиадаларда жүлдемен оралып жүр.

Бұл байқау арқылы Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына еңбек етіп, тер төккен еңбек ардагерлері мен еңбек әулеттерінің баға жетпес үлесі дәріптеледі. Жастарға кәсіби және адамгершілік тәжірибелерді жеткізіп, олардың еңбекке, жұмыс мамандықтға деген сүйіспеншілігін арттырады. Өз кезегінде, жас жұмыскерлер аға буын өкілдерінен тәлім алып, кәсіпорынның дамуы үшін өздерінің әлеуетін көрсетуі тиіс. Сыр елінің сақа мамандары бұл додан топ жарарына сенім мол.

Тағы да оқыңыз: