Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев халыққа әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шаралардың іске асырылуымен танысты, бірқатар әлеуметтік объектілерді аралап, жүріп-тұру үшін кресло-арбаларды пайдаланатын мүгедектігі бар адамдарға арналған модельдік пәтердің тұсаукесеріне қатысты.

Сакеев өңірге жұмыс сапарын облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменовамен кездесуден бастады, оның барысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова табысы аз отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету, медициналық дәрі-дәрмек қобдишаларын бөлу, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау, оларды техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету туралы есеп берді.

Бұдан әрі вице-министр Талсуат ауылындағы Мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығында болды, онда оған және Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Беришке ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы іске асырған мүгедек адамдарға арналған модельді пәтер салу жөніндегі пилоттық жоба таныстырылды.

Жоба ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік оңалтуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Оның міндеті – кресло-арбамен қозғалатын адам үшін заманауи ыңғайлы пәтердің моделін жасау. Ол үшін оңалту орталығында кіреберістен, залдан, жатын бөлмеден, ас үйден және дәретхана бөлмесінен тұратын екі бөлмелі пәтер сияқты салынған үй-жай бөлінді.

Жобалық шешімдер кедергісіз тұрғын үй ортасын құру бойынша нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес келтірілді. Сонымен, дәретхана бөлмесінің есіктері мен өлшемдері ұлғайтылды, тұрмыстық және психологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін түрлі көмекші құрылғылар орнатылды.

Модельді пәтер мүгедектігі бар адамның кресло-арбадағы еркін жүріп-тұруына толықтай бейімделген және тұрмыстық техникамен, арнайы жиһаздармен және құрылғылармен жабдықталған.

«Мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік объектілерді бейімдеу-кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі. Біз инфрақұрылымды құру, сондай-ақ мүгедек адамдарды оңалту бөлігінде стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Бұл жоба – Министрлік пен БҰҰДБ ынтымақтастығының тағы бір сәтті үлгісі, ол халықтың қауқары аз топтарының мұқтаждықтары үшін үй-жайларды пысықтау есебінен әлеуметтік-тұрмыстық оңалту технологиясын құруға бағытталған», – деп атап өтті Руслан Сәкеев.

Қазақстанда 702 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 15 мың адам жүріп-тұру үшін кресло-арбаны пайдаланады.

Осы жобаны іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу мен оңалтудың әдістемелері мен технологиялары әзірленеді, олар кейіннен елдің оңалту орталықтарының жұмыс практикасына енгізіледі.

Оңалту орталығы базасында модельді пәтердің ашылуы жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Руслан Сәкеев Қызылорда қаласындағы «Ten kogam» орталығының жұмысымен танысты.

Аталған орталық өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуде мүгедек балалары бар немесе өздері мүгедек болып табылатын көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларын әлеуметтендіру мен кәсіпке баулу мақсатында  «Қарапайым заттар әсері» жобасы аясында ашылған болатын.

Вице-министр орталыққа жиналған мүмкіндігі шектеулі жандарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Тағы да оқыңыз: