Елімізде полицейлерге еңбек демалысын беруге тыйым салынды – Kyzylorda News
Басты бет

Елімізде полицейлерге еңбек демалысын беруге тыйым салынды

17.03.2020, 18:50

536 0

Kyzylorda-news.kz. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ауқымды алдын алу шараларына байланысты, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне уақытша шектеу енгізілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтып берді.

«Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне еңбек демалысын беруге, қызмет бабынан тыс сапарлауға тыйым салынды. Қызметтік іссапарлар шектелді. Азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері ТЖ режиміне ауыстырылды. Халыққа хабар беру жүйесі әзірленді», – деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде.

Сонымен бірге, министр науқастардың карантиннен қашу оқиғасы тіркелгенін баяндады.

«Өкінішке қарай, карантиннен қашу немесе коронавирус жұқтырғандардың кіммен байланыста болғанын айтудан бас тарту оқиғалары болды. Бұл адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда. Мұның барлығы азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін жасалып жатыр», – деді Е. Тұрғымбаев.

Айта кетейік, 16 наурыздан бастап елімізде бір айға төтенше жағдай жарияланды.